28 октября 2025
СӘРСЕН АМАНЖОЛОВ АТЫНДАҒЫ ШҚУ-ДА ҚҰМАШ НҰРҒАЛИЕВ АТЫНДАҒЫ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ПЕДАГОГИКА ЗЕРТХАНАСЫ АШЫЛДЫ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Құмаш Нұрғалиев атындағы жасанды интеллект және цифрлық педагогика зертханасының салтанатты ашылуы өтті.
Іс-шара КСРО-ның Халық мұғалімі, көрнекті ағартушы, педагогика саласының майталманы Құмаш Нұрғалиевтың туғанына 100 жыл толуына арналған мерейтойлық форум аясында ұйымдастырылды. Форум мен зертхананың ашылуының басты мақсаты – ұлт ұстаздарының есімін ардақтау, олардың еңбегін жас ұрпаққа үлгі ету, сондай-ақ патриотизм мен ұлттық бірегейлікті нығайту арқылы мемлекеттің рухани іргетасын бекіту болып табылады.
Жаңа зертхана жоғары білім беру жүйесінде жасанды интеллект пен цифрлық педагогика бағыттарын дамытуға арналған инновациялық орталыққа айналмақ. Оның қызметі оқу процесіне заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге, педагогикалық тәжірибені жетілдіруге және болашақ педагогтердің кәсіби дайындығын жаңа деңгейге көтеруге бағытталады.
Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында айтылған “Жасанды интеллект негізінде білім беру үдерісін дамыту және цифрлық педагогиканы жетілдіру” жөніндегі стратегиялық міндеттермен үндес келеді. Зертхана жұмысы осы ұлттық басымдықтарды өңірлік деңгейде жүзеге асыруға бағытталған нақты қадам болып табылады
Құмаш Нұрғалиев атындағы жасанды интеллект және цифрлық педагогика зертханасының ашылуы – Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ-дың стратегиялық дамуындағы маңызды кезең. Бұл бастама университеттің ғылыми-зерттеу, инновациялық және жобалық қызметін күшейтіп қана қоймай, Қазақстанда цифрлық педагогиканы дамытуға, жасанды интеллектті білім беру жүйесіне интеграциялауға елеулі серпін береді.
Зертхана жұмысының нәтижесінде университет қабырғасында цифрлық педагогика мен білім берудің жаңа моделін қалыптастыруға бағытталған зерттеулер мен стартап жобалар жүзеге асырылатын болады. Сонымен қатар, аймақтық және халықаралық деңгейде серіктестік байланыстар кеңейіп, жаңа буын мұғалімдерінің кәсіби қалыптасуына мүмкіндік тумақ.
Зертхана кабинеттерінде жасанды интеллектке негізделген бірнеше цифрлық агенттер әзірленуде: Al-KÓMEKSHI — студенттерге оқу кестесін, емтихан және дедлайн мерзімдерін еске салуға, кітапханаға қолжетімділік беруге, жиі қойылатын сұрақтарға жауап беруге көмектесетін интеллектуалды көмекші; Al-ÚSTAZ — студенттің оқу жетістігін талдайтын, әлсіз тұстарын анықтап, жеке оқу траекториясын ұсынатын AI-агент; Al-DÁRIS — аудиториялардың жүктемесін, студенттер мен оқытушылардың қалауын саралап, сабақ кестесін оңтайландыруға арналған ақылды жүйе.
Бұл жобалар жасанды интеллект пен цифрлық педагогика зертханасында әзірленіп жатқан алғашқы отандық білім беру стартаптарының бірі болып табылады және Президент Жолдауындағы инновациялық міндеттердің нақты жүзеге асып жатқан көрінісі болып саналады.
Салтанатты шара барысында университет ректоры атап өтті:
«Құмаш Нұрғалиев атындағы жасанды интеллект және цифрлық педагогика зертханасы – біздің университеттің ғана емес, бүкіл өңірдің инновациялық дамуына серпін беретін маңызды бастама. Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “жасанды интеллект негізінде білім беру үдерісін дамыту” жөніндегі тапсырмасын жүзеге асырудағы нақты қадамдардың бірі. Біз ұстаздар еңбегін ұлықтай отырып, білім беру саласында жаңа технологиялық дәуірдің есігін ашып отырмыз», – деді Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген
Бұл зертхана – Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ-дың заманауи білім беру кеңістігін қалыптастырудағы жаңа қадамы. Жоба жасанды интеллект негізінде білім сапасын арттырып, болашақ педагогтердің инновациялық ойлауын дамытуға бағытталған.