Халық мұғалімі, Ұлы Отан соғысының ардагері, өмірін білім беру ісіне және ұрпақ тәрбиесіне арнаған аңыз тұлға Құмаш Нұрғалиевтің 100 жылдығы қарсаңында Amanzholov University қабырғасында елеулі бастама жүзеге асты. Бұл – естелік, дәстүр және қазақстандық білім беру болашағын біріктіретін маңызды қадам.
Құмаш Нұрғалиев есімі – адал еңбектің, адамгершіліктің және білімнің құдіретіне деген шексіз сенімнің символы. Ол Марқакөл ауданының Боран ауылында қарапайым мұғалім болып бастаған еңбек жолында мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, олардың арасынан ғалымдар, дәрігерлер, педагогтар мен қоғам қайраткерлері шықты. Ол – нағыз Ұстаз, аты алтын әріппен жазылған тұлға.
Университет ректоры Мұхтар Төлегеннің бастамасымен мынандай марапаттар бекітілді: Құмаш Нұрғалиев атындағы грант және Құмаш Нұрғалиев атындағы стипендия (университеттің Ғылыми кеңесі бекіткен)
Бұл грант – ауыл мектептерінің дарынды түлектеріне, әсіресе Боран ауылындағы Құмаш Нұрғалиев атындағы мектеп бітірушілеріне Amanzholov University-де тегін білім алу мүмкіндігін береді. Бұл жай ғана қаржылай қолдау емес — ұлы ұстаз идеяларының жалғасы, білімге сенім мен әрбір жастың мүмкіндігі тең болуға тиіс деген қағиданың көрінісі.
Стипендия педагогикалық бағыттағы оқу озаттарына және қоғамдық белсенділігімен ерекшеленген студенттерге табысталады.
Сонымен қатар, ұлағатты ұстаздың құрметіне Құмаш Нұрғалиев атындағы жасанды интеллект және цифрлық педагогика зертханасы ашылды. Бұл – өткеннің озық идеялары мен болашақ технологиялары тоғысатын инновациялық орталық. Мұнда жаңа буын мұғалімдері даярланады – адами құндылықтарды инновациямен ұштастыра алатын, дәстүр мен жаңашылдықты үйлестіретін педагогтар.
Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ ұжымы үшін бұл – Ұлы Ұстазға деген құрмет, Отанға, жас ұрпаққа және ағарту ісіне адал қызмет еткен жанға тағзым. Оның аты жас буынның жүрегінде, білім жолын таңдаған жастардың арманы мен ұмтылысында мәңгі жаңғырады.