30 октября 2025


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ «ЗАҢ МЕН ТӘРТІП» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ҚҰҚЫҚТЫҚ ДИКТАНТ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Заң мен тәртіп» жобасы аясында студенттердің құқықтық мәдениеті мен сауаттылығын арттыру мақсатында құқықтық диктант өткізілді. Шараға университеттің әр жоғары мектебінен белсенді студенттер қатысып, өз құқықтық білімін практикалық түрде сынап көрді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың заңға деген құрметін қалыптастыру, құқықтық мәдениетті арттыру, құқықтық сауаттылық деңгейін көтеру және қоғамдағы құқықтық сананы нығайту болып табылады. Сонымен қатар, диктант студенттерге Қазақстан Республикасының заңнамалық актілері туралы білімдерін жүйелеуге және азаматтық жауапкершілікті сезінуге мүмкіндік берді.

Құқықтық диктантқа қатысушылар қылмыстық, әкімшілік, еңбек, азаматтық құқық салалары бойынша сұрақтарға жауап беріп, күнделікті өмірде жиі кездесетін құқықтық жағдайларды талдады. Бұл формат студенттерге теориялық білімдерін тәжірибе барысында қолдануға мүмкіндік берді.

Шара қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен студенттер университет әкімшілігі тарапынан арнайы марапатталады. Сонымен қатар, қатысушыларға құқықтық мәдениетті дамыту барысында белсенділік танытқаны үшін сертификаттар табысталатын болады.

Осындай жүйелі түрде ұйымдастырылатын іс-шаралар студенттердің азаматтық позициясын қалыптастыруға, құқықтық мәдениетін көтеруге, құқық бұзушылықтың алдын алуға және құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтуға маңызды үлес қосады. Университет алдағы уақытта да жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.