30 октября 2025
АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ТҮЛЕГІ ПРЕЗИДЕНТТІК ЖАСТАР КАДРЛЫҚ РЕЗЕРВІНЕ ҚАБЫЛДАНДЫ
Еліміздің білім беру саласындағы жас көшбасшылар қатары тағы бір мықты маманмен толықты.
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің түлегі, білікті педагог, халықаралық сертификатталған сарапшы Мақсат Жампеиcов 2025 жылғы Президенттік жастар кадрлық резервіне «Әлеуметтік саясат, азаматтық қоғам» бағыты бойынша қабылданды. Бұл — жас мамандар арасындағы ең беделді ұлттық іріктеу бағдарламаларының бірі. Онда еліміздің дамуына үлес қосуға дайын, стратегиялық ойлайтын, кәсіби және көшбасшылық қасиеттері жоғары азаматтар таңдалады. Мақсат Дәулетқазыұлының осы тізімге енуі – оның жеке табысы ғана емес, сонымен қатар Аманжолов университетінде қалыптасқан білім беру мектебінің жоғары деңгейін көрсететін айқын дәлел.
Мақсат Жампеиcов — Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде 2009–2013 жылдары білім алған.
Ол өз сөзінде туған университетінің өміріндегі рөлін ерекше атап өтті:
«Туған университетіме үлкен алғыс айтамын. Ол маған педагогикалық білімнің іргетасын, мықты кәсіби негіздегі білім берді, маман ретінде қалыптасуға үлкен көмегін берді. Білім берген, оқытқан ұстаздарыма мың алғыс!» – деді ол.
Мақсат Жампеиcов 1992 жылы Абай облысында дүниеге келген. Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша білім алып, педагогикалық негізін қалыптастырды. Университет қабырғасында алған білім оның кәсіби өсуіне және ірі халықаралық жобаларға қатысуына мүмкіндік берді. Кейін ол АҚШ-тың Калифорния штатында орналасқан беделді University of the People оқу орнында Бизнес-администрлеу (MBA) бағдарламасын сәтті аяқтады. Бұл – әлемнің озық білім беру стандарттарын меңгеріп, халықаралық менеджмент саласында жоғары деңгейде дайындалғанын көрсетеді.
Бүгінде Мақсат Дәулетқазыұлы – әлемнің үздік педагогикалық жүйелерінде мойындалған маман. Ол Халықаралық Бакалавриаттың (IB) бас экзаменаторы және WASC (Батыс мектептер мен колледждер қауымдастығы) халықаралық аккредитациясының бағалаушысы. Бұл лауазымдар — тек жоғары білікті кәсіби мамандарға ұсынылатын мәртебе. Мұндай деңгейге жету үшін терең академиялық дайындық, халықаралық стандарттарға сәйкес тәжірибе және үздіксіз ізденіс қажет.
Мақсат Жампеиcов еліміздегі жетекші білім беру ұйымдарында еңбек етті. Оның кәсіби жолы Назарбаев Зияткерлік мектебі (Өскемен), Астана халықаралық мектебі, Astana Garden International School және Zaman school білім беру ұйымдарында түрлі қызметтерді қамтиды. Ол аталған оқу орындарында оқыту үдерісін жетілдіріп, заманауи педагогикалық технологияларды енгізуге белсенді үлес қосты. Сонымен қатар әдебиет пәні бойынша NIS оқу-әдістемелік кешенінің авторы, яғни педагогикалық ғылым мен әдістеме саласына елеулі үлес қосқан. 2024 жылдың ақпан айынан бері Максат Даулетказыевич «Akbulak Group» білім беру холдингінде даму жөніндегі директор қызметін атқарып келеді. Оның міндеті — білім беру стратегияларын қалыптастыру, жаңа оқу бағдарламаларын әзірлеу, халықаралық стандарттарды білім беру кеңістігіне енгізу. Сондай-ақ ол жас буынның тәрбиесі мен дамуына ерекше назар аударады, педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру бағытында да ауқымды бастамаларды жүзеге асырып келеді.
Аманжолов университеті әрдайым ел дамуына үлес қосатын, білімді, жауапты, елжанды түлектер тәрбиелеуді мақсат етеді. Бүгінде Қазақстанның түрлі салаларында табысты еңбек етіп жүрген түлектеріміздің бірі – Максат Жампеиcов. Оның Президенттік жастар кадрлық резервіне қабылдануы — университеттің сапалы білім беру дәстүрінің, мықты оқытушылар құрамының және отандық жоғары білім жүйесінің бәсекеге қабілеттілігінің айғағы. Университет ұжымы Максат Дәулетқазыұлын шын жүректен құттықтап, мемлекетіміздің білім саласын дамыту жолындағы еңбегіне табыс тілейді!
Оның жаңа белестерді бағындыруына сенеміз және алдағы қызметінде тек биікке жетуіне тілектеспіз. Аманжолов түлегінің жетістігі – біздің ортақ жеңісіміз!