31 октября 2025


AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТТЕРІ AI-SANA АКСЕЛЕРАЦИЯЛЫҚ БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА ЖИ-СТАРТАПТАРДЫ ДАМЫТУДА

Бұл жоба университет жастары үшін нағыз тәжірибе алаңына айналып, олардың идеяларын нақты өнімге айналдыруға мүмкіндік беруде. Қазір бірнеше команда қызу жұмыс істеп, байқауға дайындық үстінде. Университеттің IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің «Компьютерлік модельдеу және ақпараттық технологиялар» кафедрасы тарапынан тұрақты менторлық қолдау көрсетіліп, студенттер кәсіби бағыт-бағдар алып отыр.

Бағдарламадағы жұмыстың атмосферасы ерекше. Студенттер тек білім алып қана қоймай, өз болашағын қалыптастырып, елдегі цифрландыру процесіне үлес қосып жатқанын айқын сезінеді. Мысалы, 1-курс студенті Алексей Хорев буллинг туралы анонимді хабар жіберуге мүмкіндік беретін Telegram-бот әзірлеуде — бұл құрал оқушылар мен студенттер үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға ықпал етпек. Ал 2-курс студенттері Сырым Әлімбеков пен Нұрасыл Кеңесханов студент жазған кодты талдап, қатесін анықтап, ұсыныстар беретін интеллектуалды жүйе жасап жатыр — бұл болашақ бағдарламашыларды кәсіби деңгейге көтеретін үлкен қадам.

Сондай-ақ, Нұрым Қайырлықызы мен  Гүлім Қайырлықызы онлайн кеңістіктегі кибербуллингті анықтайтын ЖИ-бот құруда. Жоба әлеуметтік желілердегі агрессиялық контентті сүзгіден өткізіп, оны азайтуға бағытталған. Университеттің докторанты Даулетбек Ағызам медицина саласына арналған жасанды интеллект помощнигін әзірлеуде — бұл құрал қолданушы белгілеген симптомдарды талдап, жалпы ұсыныс немесе қандай маманға жүгіну керектігі жөнінде кеңес береді.

Осындай жобалар студенттердің теорияны практикамен ұштастырып, өз білімін нақты өмірлік мәселелерді шешуге бағыттап жатқанын дәлелдейді. Аманжолов университеті жас таланттарды қолдай отырып, болашақ цифрлық көшбасшыларды тәрбиелеуді жалғастыруда.