4 ноября 2025
AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ӨТКЕН GRAFFITI FESTIVAL ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің базасында жастар арасындағы граффити фестивалі қатысушыларын марапаттау рәсімі өтті. Бұл ерекше шараның бастамашысы — облыстық прокуратура, ал қолдаушылар қатарында қоғамдық белсенділер, кәсіпкерлер және жергілікті атқарушы органдар болды.
30-қазан күні өткен фестиваль қала қабырғаларын мазмұн мен энергияға толы шығармашылық полотноларға айналдырды. Жас суретшілердің туындылары тек көше өнерінің элементі ғана емес — олар жастардың қоғам құндылықтары, құқықтық мәдениет және заманауи өмір туралы көзқарасын білдірді. Әрбір граффити – азаматтық ұстанымын өнер арқылы жеткізуді мақсат еткен жас буынның үндеуі.
Шығармаларды кәсіби қазылар алқасы бағалады. Оның құрамында ҚР Суретшілер одағының мүшесі Гүлнар Бекбердинова, «Жұлдыз» өнер мектебінің бейнелеу өнері педагогы Елена Машкина, сондай-ақ Өскемен қаласындағы «Жұлдыз» өнер мектебінің бейнелеу өнері оқытушысы Оксана Артименко болды.
Марапаттау рәсімінде балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Оксана Каленова фестивальдің маңыздылығына тоқталып:
«Аманжолов университеті ұстаздары мен студенттерінің белсенді ұстанымы арқасында өңірде жастар мен балалардың құқығын қорғау, салауатты өмір салтын қалыптастыру, сондай-ақ нашақорлық пен лудоманияның алдын алу бағытында жобалар табысты жүзеге асуда. Бүгін біз жастардың “Біз өмірді таңдаймыз!” деген үнін өнер арқылы жеткізгеніне куә болдық», — деді.
Шығыс Қазақстан облысы прокурорының орынбасары Ерлан Буланбаев та жастарға үн қатты:
«Бұл фестиваль — мемлекет пен жастар арасындағы жаңа деңгейдегі диалог алаңы. Біз қазіргі мәдениеттің тілінде сөйлегіміз келді және жастардың шынайы қызығушылығы мен азаматтық белсенділігін көрдік», — деп атап өтті ол.
Фестиваль қорытындысы бойынша Сәрсен Аманжолов атындағы жоғары колледжінің бірінші курс студенттері Зульфия Вахитова мен Роман Иванов белсенді қатысқаны үшін алғыс хаттармен марапатталды. Ал Аяжан Серикова мен Сауық Оразай «Үздік әлеуметтік үн» номинациясының жеңімпаздары атанды.
Граффити фестивалі жастардың шығармашылық қабілетін шыңдаумен қатар, азаматтық жауапкершілігін арттыруға ықпал етіп, өнер, қоғам құндылықтары және әлеуметтік серіктестік идеяларын біріктірген маңызды шара болды.








