5 ноября 2025


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ОҚЫТУШЫЛАРЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘДЕБИ-ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ ТУРИЗМІН ДАМЫТУ БАҒЫТТАРЫ АТТЫ СЕМИНАРҒА ҚАТЫСТЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің қатысуымен және AP26199899 мақсатты ғылыми жобасы аясында «Шығыс Қазақстанның әдеби-лингвистикалық туризмін дамыту бағыттары» атты ғылыми-әдістемелік семинар өткізілді. Жоба Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан қолдау тапқан. Іс-шара Өскемен қаласындағы Оралхан Бөкей атындағы орталықтандырылған кітапханада өтті.

Семинардың басты мақсаты – Шығыс Қазақстан өңірінің әдеби және тілдік мұраларын заманауи туризм саласымен сабақтастыра отырып, аймақта әдеби-лингвистикалық туризмді дамыту, университет ғалымдарының ғылыми ізденістерін қоғамға таныстыру, сондай-ақ өңірдің тарихи-аңыздық топонимдерін цифрландыру арқылы туристік әлеуетті арттыру.

Шараға өңірлік туризм және мәдениет саласының өкілдері, ғалымдар мен студенттер қатысып, Аманжолов университетінің зерттеу жобалары мен ғылыми нәтижелеріне ерекше назар аударылды.

Семинарда ШҚО Туризм басқармасының туризмді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ислана Ластаева аймақ туризмі туралы толық ақпарат беріп, саланың даму бағыттарымен бөлісті.

Аманжолов университетінің филология ғылымдарының кандидаттары, қауымдастырылған профессорлар Бердібек Бияров мен Бақытжан Келгембаева өңірдің топонимдік байлығы мен аңыздық мұраларын туристік маршруттарға қосу мәселелерін ғылыми тұрғыда талдап, тың ұсыныстарын ұсынды.

Семинар мазмұнды пікірталасқа толы болып, өңірдің әдеби-мәдени құндылықтарын туризм арқылы тиімді ілгерілетуге бағытталған маңызды идеялар ортаға салынды.

Аманжолов университеті аймақтың рухани-мәдени әлеуетін ғылыми негізде зерттеу және оны қоғам игілігіне пайдалану бағытындағы жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастырады.