5 ноября 2025


AMANZHOLOV UNIVERSITY РЕКТОРЫ ИТАЛИЯ ЕЛШІЛІГІНІҢ МӘДЕНИ АТТАШЕСІ ЭДОАРДО КРИСАФУЛЛИМЕН РЕСМИ КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры Мұхтар Төлеген Италия мәдени орталығының директоры, Италия Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің мәдени атташесі Эдоардо Крисафуллимен ресми кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, академиялық алмасу бағдарламаларын дамыту, тілдік және мәдени жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Әсіресе, университет базасында итальян тілі мен мәдениетін оқыту бағытындағы жұмыс перспективалары, бірлескен ғылыми бастамаларды жүзеге асыру және гуманитарлық салаларда халықаралық серіктестікті нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Ректор Мұхтар Төлеген Қазақстан мен Италия арасындағы мәдени және білім беру байланыстарын нығайту, халықаралық академиялық интеграцияны дамыту университеттің стратегиялық басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Өз кезегінде Эдоардо Крисафулли Аманжолов университетінің халықаралық жобаларға ашықтығын және студенттер мен оқытушылар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырудағы белсенділігін жоғары бағалады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, бірлескен білім беру және мәдени жобаларды жүзеге асыруға, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын енгізуге және итальян тілі курстарын кеңейтуге ниет білдірді.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті әлемдік ғылыми-білім беру кеңістігімен байланысын нығайта отырып, халықаралық әріптестік бағытын жүйелі түрде жалғастырады.