12 ноября 2025


AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТТЕРІ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АКЦИЯСЫНА ҚАТЫСТЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенттері сүйек миы донорлығына мұқтаж науқастарға көмек көрсету мақсатында ұйымдастырылған қайырымдылық акциясына қатысты.

Іс-шараның басты мақсаты – сүйек миы донорларының ұлттық базасын кеңейту және қоғамда қайырымдылық пен жанашырлық мәдениетін дамыту. Бар болғаны тоғыз миллилитр қан тапсыру арқылы кез келген адам біреудің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік алады.

– Біз осы балаға немесе басқа біреуге донор бола аламыз ба, соны білу үшін келдік. Бұл – үлкен жауапкершілік әрі адамгершіліктің белгісі, – деді «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» бағдарламасының үшінші курс студенті Бүлдіршін Қайрат.

Шара барысында студенттер қан тапсырудың маңыздылығы мен оның қоғам үшін пайдасы туралы ақпарат алды. Мамандар донор болу процесінің қауіпсіз және ауыртпай өтетінін, ал алынған деректер болашақта өзге де науқастарға көмектесу үшін базада сақталатынын түсіндірді.

Акцияға шамамен 60 студент қатысып, әрқайсысы игі іске өз үлесін қосуға ниет білдірді. Олардың арасында алғаш рет қан тапсырғандар да болды.

– Мен үшін бұл ерекше тәжірибе. Осындай шағын әрекет арқылы біреудің өмірін сақтап қалуға болатынын түсіну – үлкен сезім, – деді «Шетел тілі» мамандығының екінші курс студенті Назым Берікқызы.

Университет басшылығы студенттердің белсенді азаматтық ұстанымын жоғары бағалап, мұндай бастамалар жастардың жауапкершілік, мейірімділік және өзара көмек көрсету қасиеттерін қалыптастыратынын атап өтті. Алдағы уақытта Amanzholov University осындай әлеуметтік бағыттағы іс-шараларды тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр.