19 ноября 2025


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ҒЫЛЫМИ КОНФЕРЕНЦИЯ: ТЫНЫСБЕК КӘЛМЕНОВКЕ «АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫ» ТӨСБЕЛГІСІ ТАБЫСТАЛДЫ

Бүгін Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Фундаменталды және қолданбалы математиканың өзекті мәселелері» атты ғылыми конференцияның бірінші күні өтті. Ауқымды жиынға еліміздің жетекші ғалымдары, профессорлар мен докторанттар қатысып, математика ғылымының қазіргі жағдайы мен болашақ бағыттары бойынша пікір алмасты.

Конференция аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Тынысбек Кәлменовке Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің дамуына қосқан ерекше үлесі үшін «Абай Құнанбайұлы» төсбелгісін университет ректоры, профессор Мұхтар Төлеген салтанатты түрде табыстады. Бұл марапат – отандық математика ғылымына қосқан ерекше үлесінің лайықты бағасы.

Тынысбек Кәлменов – дифференциалдық теңдеулер, математикалық физика және операторлар теориясы саласындағы көрнекті ғалым. Ол Трикоми есебін, Бицадзе–Самарский мәселесін және гиперболалық теңдеулердің дұрыс қойылу шарттарын шешті. Ғалымның 120-дан астам ғылыми еңбегі мен бірнеше монографиясы жарық көрген, оның жетекшілігімен 6 докторлық және 30-дан астам кандидаттық диссертация қорғалды.

Ленин комсомолы сыйлығы (1978), ҚР еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері (1996), «Астана – 10 жыл» медалі (2008), «Құрмет» ордені (2009) сияқты айтулы марапаттары бар.

Іс-шара жоғары деңгейде өтіп, ғылыми қауымдастықтың ынтымақтастығын күшейтіп, жаңа ғылыми бастамаларға жол ашты. Ертең конференцияның екінші күні жалғасын табады.