25 ноября 2025


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «МАШИНАЛЫҚ ОҚЫТУ ЖӘНЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ» АВТОРЛЫҚ КУРСЫ БАСТАЛДЫ

2025 жылдың 24 қарашасы – 17 желтоқсаны аралығында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде профессорлық-оқытушылар құрамы мен қызметкерлерге арналған «Машиналық оқыту және жасанды интеллект технологиялары» атты авторлық курс өтуде. Бағдарлама Алтай мемлекеттік университетінің информатика кафедрасының меңгерушісі, доцент, физика-математика ғылымдарының кандидаты Денис Юрьевич Козлов тарапынан жүргізіледі.

Бүгінде жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын меңгеру – мемлекет үшін стратегиялық маңызға ие бағыт. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында атап өтілгендей, ЖИ-ді цифрлық трансформацияның өзегіне айналдыру және экономиканы жаңғырту – еліміздің басты басымдықтарының бірі. Осыған орай, университет қабырғасында ұйымдастырылған бұл курс ұлттық цифрлық құзыреттерді қалыптастыруға және бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Курс барысында тыңдаушылар машиналық оқыту әдістері, деректерді талдау, нейрожелілер мен интеллектуалды жүйелерді құруға қатысты негізгі білімдермен танысады. Мұндай дағдылар болашақ мамандардың автоматтандыру, аналитика және инновациялық технологиялар саласындағы күрделі міндеттерді тиімді шешуіне мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Алтай мемлекеттік университетімен бірлескен бұл бастама Аманжолов университетінің басшылығының халықаралық серіктестікті кеңейтуге және цифрлық технологиялар бағытында оқытушылардың біліктілігін арттыруға деген ұмтылысын айқын көрсетеді. Заманауи ЖИ-практикаларын меңгеру профессорлық-оқытушылар құрамының кәсіби әлеуетін күшейтіп, оқу процесіне жаңа цифрлық әдістер мен тәсілдерді енгізуді жылдамдатады.

Оқыту толықтай онлайн форматта, Алтай мемлекеттік университетінің ҚКБ платформасында жүргізіледі. Тыңдаушылар авторлық бейнедәрістер цикліне қол жеткізіп, курсты қашықтан ыңғайлы түрде меңгеруге мүмкіндік алады.

Бұл бастама — жасанды интеллект дәуіріндегі инновациялар мен кадр даярлау ісіндегі мемлекеттік сұранысқа берілген нақты жауап. Университеттің цифрлық даму стратегиясына сай келетін маңызды жоба білім сапасын арттыруға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға жол ашады.