25 ноября 2025


AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТТЕРІ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ СОТ ӘКІМШІЛІГІ ДЕПАРТАМЕНТІ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгін Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Құқықтану», «Сот-прокурор қызметі», «Корпоративтік құқық», «Мемлекеттік және жергілікті басқару», «Экономика және басқару», сондай-ақ «Бастапқы әскери дайындық» білім беру бағдарламаларының студенттері Қазақстан Республикасының Судьялар Әкімшілігі департаментінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша өкілдерімен кездесті.

Іс-шараның басты мақсаты — сот жүйесі органдарында оқу және өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндіктері жөнінде ақпарат беру, сондай-ақ мемлекеттік қызмет саласындағы болашақ жұмысқа орналасу перспективаларын талқылау болды.

Департамент басшысының орынбасары Жігер Еренбақов студенттерге сот жүйесінің құрылымы, тәжірибеден өту тәртібі туралы жан-жақты ақпарат беріп, практикалық дайындық кезінде жақсы нәтиже көрсеткен түлектер мемлекеттік органдарда жұмысқа тұруға мүмкіндік алатынын атап өтті.

Персоналды басқару бөлімінің бас маманы Айгүл Омарбекова кандидаттарға қойылатын талаптар, қажетті құжаттар тізімі және мемлекеттік қызметке қабылдау шарттарымен таныстырды. Негізгі критерийлер қатарында — Қазақстан Республикасының азаматтығы және сотталмаған болу талаптары көрсетілді.

Кездесу мазмұнды әрі конструктивті атмосферада өтті. Студенттер болашақ кәсіби қызметіне қатысты қызықтырған сұрақтарына толық жауап алды.