3 декабря 2025


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТТЕРІ «АШЫҚ ЕСІК КҮНІ» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА №17 ҚР ІІМ ҚАЖК МЕКЕМЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Құқықтану» мамандығы бойынша білім алушы студенттері (6В04201) – «Ашық есік күні» акциясына қатысты. Іс-шара Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті қарасты №17 мекемесінде ұйымдастырылды.

Экскурсияны және мекеменің қызметін таныстыруды мекеменің басшысының орынбасары — юстиция подполковнигі Арман Картранов жүргізді. Студенттер үшін бұл іс-шара қылмыстық-атқару жүйесінің жұмысымен танысуға және түзету мекемесінің ішкі құрылымымен толық ақпарат алуға мүмкіндік берді.

Іс-шара барысында студенттерге мекеменің құрылымы мен қызметі таныстырылды сотталғандарды ұстау режимі және ерекшеліктері; кітапхана және тәрбиелік блок; асхана және тұрмыстық бөлмелер; ұзақ мерзімді кездесулер бөлмелері; сотталғандардың өндірістік бағдарламалар аясында еңбек ететін өндірістік аймағы.

Болашақ юристтерге жазалау шараларын құқықтық реттеу, сотталғандардың тұрмысын ұйымдастыру және ресоциализация механизмдері бойынша сұрақтарына толық жауап берілді. Студенттер мекеменің күнделікті өмірімен, оның жұмыс барысымен және құқықтық процедураларымен тікелей танысты.

Іс-шараның ерекше бөлімі студенттердің сотталғандармен кездесуін қамтыды. Бұл кездесулерде сотталғандар өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісті, қателіктері мен құқыққа қарсы қадамдарына алып келген жағдайларды ашық айтты. Студенттерге бұл тәжірибе қылмыстық жауапкершілік, өмірлік таңдау және қоғамға қайта бейімделу мәселелерін терең түсінуге мүмкіндік берді.

ШҚУ студенттері осындай іс-шараларға қатысу арқылы тек құқықтық білімдерін емес, сонымен қатар әлеуметтік жауапкершілікті, адамгершілік құндылықтарды және қоғамдағы өз орны туралы ойлау қабілетін де дамытады. Бұл тәжірибе болашақ мамандарға кәсіби бағыттарын анықтауда маңызды қадам болып табылады.