8 декабря 2025
АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЭКОЛОГИЯ, ДАМУ ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ ҒЫЛЫМИ СЕМИНАР ӨТТІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде, Сальваторе Квазимодо атындағы Итальян орталығында экология, тұрақты даму және халықаралық білім беру ынтымақтастығына арналған «Тұрақты даму интеграциясы: жаһандық экологиялық күн тәртібіне университеттің жауабы» атты ғылыми семинар өтті.
Іс-шараның ашылуында құттықтау сөзін Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ Басқарма төрағасының орынбасары – стратегиялық даму және халықаралық қатынастар жөніндегі проректоры Ирина Ровнякова сөйлеп, университеттердің ғылыми ықпалдастығы мен халықаралық жобалардың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ тұрақты даму саласындағы өзекті міндеттерге назар аударылды.
Семинар барысында бірқатар халықаралық сарапшылар өз зерттеулерімен бөлісті. Профессор Хавьер Родриго Иллари (Валенсия политехникалық университеті, UPV Valencia) «Су ресурстарын басқару және экологиялық тәуекелдер. Еуропаның “жасыл” идеясы» тақырыбында баяндама жасаса, профессор Алессандро Фигус (Кассино және Оңтүстік Лацио университеті, CEO INNOCREA) «Еуропалық Одақтың экологиялық қоғамдық саясаты: ресурсты үнемді пайдалану және климаттық өзгерістерге қарсы шаралар» бойынша өз көзқарасын таныстырды. Баяндамалардан кейін сұрақ-жауап форматында пікірталас өтті.
Одан әрі профессор Хавьер Родриго Иллари және профессор Алессандро Фигус Erasmus+ бағдарламасының TECGREMED және LESLIE еуропалық жобалары туралы ақпарат ұсынып, білім алмасу, халықаралық серіктестік және ғылыми жобалардың іске асу тетіктерін талқылады.
Сондай-ақ Александр Чурсин – ШҚУ экология және география кафедрасының профессоры, география ғылымдарының кандидаты «Шығыс Қазақстанның су ресурстары» тақырыбында баяндама жасап, өңірдің гидрологиялық әлеуеті мен экожүйелік мәселелеріне ғылыми талдау ұсынды.
Семинар қорытындысын профессор Диана Спульбер (Генуя университеті, «Қауіпсіздік және бостандық» қоры, CEO INNOCREA) жасады. Ол халықаралық ғылыми байланыстарды кеңейтудің маңыздылығын атап өтіп, болашақ жобаларға бағытталған ұсыныстармен бөлісті.
Семинарға экология және география кафедрасының оқытушы-профессорлық құрамы, магистранттар мен докторанттар, сондай-ақ IT және жаратылыстану жоғары мектебінің деканы мен орынбасары қатысты. Кездесу ғылыми ортада пікір алмасуға, қатысушыларға жаңа академиялық байланыс орнатуға және халықаралық тәжірибемен танысуға мүмкіндік берді.
Бұл ғылыми шара Қазақстан мен Еуропа зерттеушілері арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, экологиялық күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді талқылауға жағдай жасады. Аманжолов университеті алдағы уақытта да мұндай жобаларға белсенді қатысып, халықаралық бастамаларды қолдауды жалғастырады.









