9 декабря 2025
АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ МЕМЛЕКЕТТІК БІЛІМ ГРАНТЫН ӨТЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТОЛЫҚ ТҮСІНДІРІЛДІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде бакалавриат, магистратура және докторантураның бітіруші курс студенттеріне арналған ақпараттық кездесу өтті. Онлайн-форматта ұйымдастырылған шараға «Қаржы орталығы» АҚ-ның жетекші маманы Ақзира Серікқалиқызы қатысып, мемлекеттік білім грантын өтеу процесіне қатысты өзекті сұрақтарды жан-жақты түсіндірді.
Кездесу барысында мемлекеттік тапсырыс негізінде оқуды аяқтаған түлектер үшін грантты өтеудің құқықтық тетіктері, мерзімдері, міндетті жұмыс форматы мен шарттары талқыланды. Спикер қатысушылардың сұрақтарына нақты жауап беріп, әрбір жағдайға байланысты түсініктеме берді. Сонымен қатар грантты өтеуден босатылуға болатын ерекше жағдайлар, құжаттарды рәсімдеу тәртібі, жұмыс орны бойынша талаптар және өтініш беру үдерісі туралы жеке тоқталып өтті.
Ақзира Серікқалиқызы жас мамандардың еңбек нарығына бейімделу жолдары, мемлекеттік сектор мен жеке ұйымдарда жұмыс істеу мүмкіндіктері, грантты өтеу кезінде кездесетін жиі қателіктер мен олардан алдын ала сақтану тәсілдері жайында да кеңес берді. Кездесу қатысушылары болашақ жоспарларын айқындау, жұмысқа орналасу стратегиясын құру және құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында маңызды ақпарат алды.
Университет түлектері үшін бұл диалогтық алаң мемлекеттік гранттың шарттарын дұрыс түсінуге, білімді тиімді қолдануға және карьерлік мүмкіндіктерді жоспарлауға қолайлы мүмкіндік болды. Аманжолов университеті студенттер мен жас мамандардың кәсіби дамуына бағытталған осындай ақпараттық кездесулерді алдағы уақытта да жалғастыруды жоспарлап отыр.
Білімді ұрпақ – ел болашағы. Сондықтан университетіміз түлектердің еңбек нарығында өз орнын табуына, заңдық міндеттерін сауатты орындауына және елдің өркендеуіне үлес қосуына қолдау көрсетуді басты міндеттердің бірі деп санайды.