17 декабря 2025
AMANZHOLOV UNIVERSITY ӨКІЛДЕРІНІҢ ПРАГА ҚАЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ ІС-САПАРЫ
«Цифрлық логистика жағдайында өңірдің агроөнеркәсіптік кешеніндегі сүт өнімдері қосалқы жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру» атты ғылыми жобаны іске асыру аясында Чехия Республикасының Прага қаласына шетелдік ғылыми-академиялық іс-сапар ұйымдастырылды. Іс-сапарға жоба жетекшісі Асель Апышевa және ассистент Алма Байгужинова қатысты.
Іс-сапар бағдарламасы мазмұнды әрі ауқымды болды. Университет өкілдері Еуропаның жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми-ақпараттық мекемелеріне барды. Атап айтқанда, Карл университеті, Прага экономикалық университеті, сондай-ақ Чехия Республикасының Қалалық және Ұлттық кітапханаларына танысу сапарлары жүзеге асырылды. Кездесулер барысында пәнаралық ғылыми зерттеулерді ұйымдастырудың шетелдік тәжірибесі, экономикалық-логистикалық талдау жүргізу әдістері және ғылыми-білім беру қызметінде цифрлық ақпараттық ресурстарды пайдалану тетіктері жан-жақты зерделенді.
Іс-сапар аясында агроазық-түлік қосалқы жүйелерінің цифрландыру жағдайындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Прага экономикалық университетінің базасында агроөнеркәсіптік кешенде заманауи цифрлық логистикалық модельдер мен талдау құралдарын қолдануға арналған ғылыми консультация өткізілді.
Сонымен қатар, Аманжолов университетінің өкілдері Management, Economics, Business and Marketing (IAC-MEBM) секциясы бойынша өткен халықаралық ғылыми конференцияға қатысты. Конференция қорытындысы бойынша ғылыми мақала материалдар жинағында жарияланып, зерттеу нәтижелерінің сәтті апробациядан өткенін және олардың халықаралық деңгейде мойындалып, таралғанын көрсетті.
Іс-сапар барысында алынған нәтижелер мен ғылыми материалдар алдағы уақытта Аманжолов университетінің ғылыми-зерттеу және білім беру қызметінде, сондай-ақ халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамыту мен келесі ғылыми жобаларды жүзеге асыруда кеңінен пайдаланылатын болады.