3 февраля 2026
КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ӨЗГЕРІСТЕР ЖӘНЕ АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ: АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ АҚПАРАТТЫҚ-ТҮСІНДІРУ КЕЗДЕСУІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге, заңның үстемдігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ «Әділетті Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» қағидаттарын орнықтыруға бағытталған ауқымды конституциялық реформалар жүзеге асырылуда. Аталған реформалардың мәні мен маңызын қоғамға кеңінен түсіндіру, азаматтардың құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасын арттыру – бүгінгі күннің өзекті міндеттерінің бірі.
Осы өзекті күн тәртібін ескере отырып, бүгін Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Конституциялық өзгерістер және адам құқықтары: жаңа кепілдіктер мен қорғау тетіктері» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.
Іс-шараның мақсаты – адам құқықтары саласындағы негізгі конституциялық реформаларды түсіндіру, жаңа кепілдіктер мен оларды қорғау механизмдерін талқылау, сондай-ақ қатысушылардың сұрақтарына жауап беру.
Кездесудің спикерлері ретінде заң ғылымдарының кандидаты, құқықтану кафедрасының қауымдастырылған профессоры Гүлмира Байркенова және Шығыс Қазақстан облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Аксана Каленова сөз сөйледі.
Өз баяндамасында Гүлмира Байркенова Қазақстан Республикасындағы конституциялық реформаның себептері мен алғышарттарына, сондай-ақ Конституцияда бекітілетін негізгі құндылықтарға жан-жақты тоқталды. Сонымен қатар Конституция жобасындағы мемлекеттік билік жүйесіне қатысты негізгі жаңашылдықтарға және «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасының іске асырылуына ерекше назар аударылды.
Кездесу барысында қатысушыларға Негізгі заң жобасында ұсынылып отырған адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету және қорғаудың жаңа конституциялық кепілдіктері мен тетіктері де түсіндірілді. Іс-шара ашық диалог форматында өтіп, аудитория тарапынан үлкен қызығушылық тудырды.
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті дәстүрлі түрде өзекті қоғамдық-саяси және құқықтық мәселелерді талқылауға арналған ашық алаң ретінде қызмет етіп, жастар мен академиялық қауымдастықтың құқықтық мәдениетін, азаматтық жауапкершілігін және белсенді ұстанымын қалыптастыруға үлес қосып келеді.









