4 февраля 2026
УНИВЕРСИТЕТ РЕКТОРЫНЫҢ МАҚАЛАСЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «БІЛІМДІ ЕЛ – ОБРАЗОВАННАЯ СТРАНА» ГАЗЕТІНДЕ ЖАРИЯЛАНДЫ
«БІЛІМДІ ЕЛ – ОБРАЗОВАННАЯ СТРАНА» республикалық қоғамдық-саяси газетінде Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры Мұхтар Төлегеннің сұхбаты (мақаласы) жарық көрді. Аталған басылым қоғамдағы білім мен ағартушылық мәселелерін жүйелі түрде көтеріп келе жатқан, жоғары білім саласындағы өзекті ой-пікірлер мен сараптамаларға ашық ақпараттық алаң ретінде танымал.
Жарияланым барысында қазіргі жоғары білім беру жүйесінің даму бағыттары, университеттердің ел болашағын қалыптастырудағы рөлі, ғылым мен инновацияның маңызы, сондай-ақ жастардың зияткерлік әлеуетін арттыру мәселелері кеңінен қозғалды. Университеттердің бүгінгі таңда тек маман даярлайтын білім беру ұйымы ғана емес, қоғамның интеллектуалдық тірегі әрі өңірдің ғылыми және әлеуметтік дамуына ықпал ететін стратегиялық институт ретіндегі маңызына ерекше назар аударылды.
Сұхбатта Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің бүгінгі тыныс-тіршілігі, білім беру сапасын арттыруға бағытталған бастамалары, ғылыми зерттеулерді дамыту, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті оқу үдерісіне енгізу мәселелері де қамтылды. Сонымен қатар университеттің өңірлік дамуға қосып отырған үлесі, кадрлық әлеуетті нығайту, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бағытындағы жұмыстар жөнінде айтылды.
Бұдан бөлек, қазіргі кезеңдегі мемлекеттік саясаттағы білім мен ғылымның орны, адами капиталды дамытуға басымдық беру, әділетті әрі білімге негізделген қоғам қалыптастыру міндеттері туралы пікірлер ұсынылды. Мемлекет басшысы бастамашылық етіп отырған реформалардың жоғары білім жүйесіне беріп отырған мүмкіндіктері де атап өтілді.
Аталған жарияланым университет пен қоғам арасындағы ашық диалогтың маңызды бір көрінісі болып табылады. Білім беру саласындағы өзгерістер мен бастамалар академиялық ортада ғана емес, кең қоғамдық деңгейде талқылануы тиіс екені ерекше көрсетілді.
Университет ұжымы алдағы уақытта да білім мен ғылымды дамытуға бағытталған өзекті мәселелер бойынша қоғамдық пікір алаңдарында белсенді ұстанымын сақтай береді.

