9 февраля 2026


СӘРСЕН АМАНЖОЛОВ АТЫНДАҒЫ ШҚУ САХНАСЫНДА «ЖЫРЛАЙДЫ ЖҮРЕК» ПОЭЗИЯ КЕШІ

Қазақ поэзиясының биік белесі саналатын көрнекті ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына орай Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Жырлайды жүрек» атты поэзия кеші өтті. Іс-шара университеттің «Шабыт» студенттер театры мен Тәрбие және әлеуметтік жұмыс бөлімімен бірлесіп ұйымдастыруымен өткізілді.

Әдеби-сазды бағытта өткен бұл тағылымды шара сөз өнеріне деген құрметті арттырып, поэзия мен театр өнерін тоғыстырған рухани басқосу болды. Поэзия кешінің негізгі мақсаты – студент жастардың рухани дүниесін байыту, Мұқағали Мақатаев поэзиясының терең мазмұны мен көркемдік қуатын кеңінен насихаттау, сондай-ақ ұлттық әдеби мұраға деген сүйіспеншілікті нығайту.

Поэзия кешіне Шығыс Қазақстан университеті химия кафедрасының сениор лекторы, жаратылыстану ғылымдарының магистрі Сән Советбековна, сондай-ақ зейнеткер ұстаз, өлкетанушы, тарихшы Бақытбек Нұғұманов қатысып, кештің мазмұнын тереңдете түсті.

Іс-шараның ашылуында Тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректор Жаннета Калимолдина алғы сөз сөйлеп, поэзия кешіне қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, студент жастардың шығармашылығына жоғары баға берді.

Іс-шара барысында ақынның жүрек тебірентер жырлары театр элементтерімен ұштастырылып, көркем оқулар мен поэзиялық композициялар сахналанды. «Шабыт» студенттер театрының қойылымдары ақын шығармаларындағы отаншылдық, махаббат, өмір философиясы мен адамгершілік тақырыптарын ерекше әсерлі жеткізді.

Кеш аясында «Ашық микрофон» сәттері ұйымдастырылып, студенттер өздерінің сүйікті өлеңдерін оқып, шығармашылық ойларын ортаға салды. Бұл бөлім қатысушылардың белсенділігін арттырып, кештің рухани мазмұнын одан әрі байытты.

Кеш соңында іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастыруға белсене атсалысқан «Шабыт» студенттер театрының белсенді мүшелеріне университет ректорының атынан алғыс хаттар мен марапаттар табысталды.

Поэзия кеші көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, студенттік ортадағы мәдени-рухани өмірге серпін берген тағылымды әдеби шара ретінде есте қалды.

«Жырлайды жүрек» поэзия кеші – Мұқағали Мақатаевтың өшпес мұрасына, қазақ поэзиясының рухани қазынасына көрсетілген тағзым, поэзия мен театр өнерінің үндестігін айқындаған мәні терең мәдени шара болды.