23 февраля 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ШҚО АДВОКАТТАРЫНА АРНАЛҒАН БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ КУРСТАРЫ ӨТТІ

19–20 ақпан аралығында Сарсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті базасында Шығыс Қазақстан облысының адвокаттарына арналған біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылды. Аталған іс-шара Шығыс Қазақстан облысы Адвокаттар алқасы мен университет арасындағы ынтымақтастық туралы шарт аясында, сондай-ақ Кәсіби даярлау және біліктілікті арттыру ресурстық орталығының қолдауымен өткізілді.

Курстар «Қазақстан Республикасындағы адвокаттық қызметті құқықтық реттеу» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылып, олардың негізгі мақсаты адвокаттардың кәсіби құзыреттілігін арттыру, жария-құқықтық даулардағы адвокаттың рөлін тереңірек зерделеу, сондай-ақ адвокаттық қызмет саласындағы өзекті білімдер мен озық тәжірибемен алмасу болды. Оқу процесін құқықтану саласындағы жетекші мамандар мен тікелей құқық қолдану қызметін жүзеге асыратын ведомстволардың өкілдері қамтамасыз етті.

Бағдарлама аясында қазіргі заманғы адвокаттық практиканың маңызды бағыттары қамтылды. Атап айтқанда, адвокаттың қаржылық мониторинг саласындағы қызметі, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі бойынша тақырыптар қарастырылды.

Курстардың спикерлері ретінде Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Азамат Жұманов, Шығыс Қазақстан облыстық сотының судьясы Фархад Камалов және Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы, құқық магистрі Динара Каримова сөз сөйледі.

Сабақтар барысында құқық қолдану тәжірибесіндегі өзекті мәселелер, адвокаттардың мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылының ерекшеліктері, сондай-ақ әкімшілік заңнаманың дамуындағы қазіргі тенденциялар талқыланды. Практикалық аспектілерге ерекше назар аударылып, нақты құқықтық кейстерге талдау жасалды.

Жалпы алғанда, курстарға Шығыс Қазақстан облысынан 122 адвокат қатысты. Мұндай білім беру іс-шараларын өткізу кәсіби қауымдастықты нығайтуға, заң көмегінің сапасын арттыруға және Қазақстан Республикасындағы адвокатура институтының одан әрі дамуына ықпал етеді.