2 марта 2026
ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ КОАЛИЦИЯ ӨКІЛДЕРІ АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМАНЫ ТАЛҚЫЛАДЫ
«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының өкілдері Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті профессор-оқытушылар құрамымен және студенттерімен кездесті. Іс-шара Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан Конституциялық реформаның негізгі бағыттарын түсіндіруге және қоғам өкілдерімен ашық диалог орнатуға арналды.
Кездесуге қатысқан делегацияны Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі, Республикалық Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Аида Ғалымқызы Балаева басқарды. Сондай-ақ жиынға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Аманұлы Сақтағанов, ҚР Парламентінің депутаттары, Конституциялық реформа комиссиясының мүшелері, қоғам қайраткерлері мен сала сарапшылары қатысты.
Кездесу барысында Аида Балаева жаңа Конституция жобасының ел дамуы үшін стратегиялық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, ұсынылып отырған конституциялық өзгерістер Қазақстанның білімге негізделген экономика құруына, адами капиталдың рөлін арттыруға және ұзақ мерзімді тұрақты дамуға бағытталған.
Премьер-министрдің орынбасары өз сөзінде жаңа Конституцияда білім беру, ғылым, мәдениет және инновация салалары мемлекеттің негізгі басымдықтары ретінде айқын белгіленгенін жеткізді. Бұл бағыттар елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттырумен қатар, жастардың әлеуетін толық іске асыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Аида Балаева жаңа Ата Заң тұжырымдамасын қалыптастырудағы Мемлекет басшысының ерекше рөліне тоқталып, Президенттің «Адал азамат», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» бастамалары Конституцияның концептуалдық өзегіне айналғанын жеткізді.
Кездесуде Конституциялық реформаның қоғам өміріне тигізетін ықпалы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейту, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мәселелері кеңінен талқыланды. Университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері өз пікірлерін білдіріп, көкейлеріндегі сұрақтарын қойды.
Жиын соңында қатысушылар кездесудің ел болашағына қатысты мазмұнды әрі ашық пікір алмасу форматында өткенін атап өтті. Мұндай кездесулер азаматтардың құқықтық мәдениетін арттырып, Конституциялық реформаның мәні мен маңызын қоғамға кеңінен түсіндіруге ықпал ететіні айтылды.
