5 марта 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ КУРСЫНЫҢ ТЫҢДАУШЫЛАРЫНА СЕРТИФИКАТТАР ТАБЫСТАЛДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығы мен университеттің Кәсіби даярлау және біліктілікті арттыру ресурстық орталығы бірлесіп ұйымдастырған «Білім беру ұйымдарындағы инклюзивті білім беру» атты біліктілікті арттыру курсының тыңдаушыларына сертификаттарды салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.

108 академиялық сағатты қамтыған оқу бағдарламасы инклюзивті білім беру жүйесінің заманауи талаптарына сәйкес әзірленіп, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілді.

Оқу барысында тыңдаушылар инклюзивті білім беру үдерісін ұйымдастырудың негізгі бағыттарын меңгерді. Атап айтқанда, инклюзивті білім берудің нормативтік-құқықтық негіздері, білім беру ортасын бейімдеудің практикалық құралдары, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылардың коммуникативтік, мінез-құлықтық және академиялық дағдыларын дамытуға бағытталған заманауи әдістер қарастырылды.

Курс жоғары практикалық бағыттылығымен, мазмұнының өзектілігімен және жалпы білім беретін мектептердің нақты сұраныстарына бағдарлануымен ерекшеленді. Алынған білім мен дағдылар педагогтерге оқушылармен жұмыс барысында тиімді әдістерді қолдануға және әрбір бала үшін қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

2026 жылдың қаңтар–ақпан айлары аралығында курсқа барлығы 103 тыңдаушы қатысып, олар үш лекке бөлініп оқытылды.

Іс-шара соңында қатысушыларға курсты аяқтағаны туралы сертификаттар табысталды. Ұйымдастырушылар тыңдаушыларды оқу бағдарламасын сәтті аяқтауларымен құттықтап, кәсіби қызметтеріне табыс, сенімділік және инклюзивті білім беруді дамытуға белсенді үлес қосуды тіледі.