Erasmus+ бағдарламасы

Erasmus+ — бұл 1987 жылы құрылған, білім беруді, кәсіби даярлықты, жастарды және спортты қолдауға бағытталған Еуропалық Одақтың (ЕО) бағдарламасы. Бағдарлама халықаралық академиялық ынтымақтастықтың негізгі құралдарының бірі болып табылады және білім алушылар мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығын дамытуға, университеттер арасындағы серіктестік байланыстарды нығайтуға және жоғары білім сапасын арттыруға ықпал етеді.

2021–2027 жылдарға арналған Erasmus+ бағдарламасы әлеуметтік инклюзия, экологиялық тұрақтылық, цифрлық трансформация және жастардың қоғамның демократиялық өміріне белсенді қатысу мәселелеріне ерекше назар аударады. Жаңа бағдарлама аясында халықаралық ынтымақтастық мүмкіндіктері кеңейтіліп, Еуропалық Одақтан тыс серіктес елдермен өзара әрекеттестік те қарастырылған.

Erasmus+ қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді академиялық ұтқырлықты, бірлескен білім беру бағдарламаларын, инновациялық жобаларды дамыту, оқу жоспарларын жаңғырту, сондай-ақ университеттердің институционалдық дамуын қолдайды. Жобаларды іске асыру әртүрлі бағыттар аясында жүзеге асырылады, олардың ішінде кредиттік ұтқырлық (KA171), жоғары білім беру саласындағы әлеуетті дамыту жобалары (CBHE), стратегиялық серіктестіктер және бірлескен зерттеу бастамалары бар.

Erasmus+ бағдарламасына қатысу университеттің интернационалдануына, академиялық ұтқырлықтың артуына, ғылыми байланыстардың нығаюына және еуропалық білім беру кеңістігіне интеграциялануына ықпал етеді.

Конкурстық іріктеудің тәртібі мен шарттары жоғары оқу орындары арасындағы келісімге және қабылдаушы университеттің талаптарына сәйкес айқындалады.

Конкурстық іріктеу, әдетте, келесі критерийлер бойынша бағалауды қамтиды:

  1. орташа үлгерім балы (GPA);
  2. шет тілін меңгеру деңгейі (қабылдаушы тараптың талаптарына сәйкес);
  3. білім беру бағдарламасының оқу бағытына сәйкестігі;
  4. білім алушының мотивациясы (қажет болған жағдайда — мотивациялық хат);
  5. әңгімелесу нәтижелері (өткізілген жағдайда);
  6. академиялық жетістіктерінің болуы.

Қорытынды шешім қолданыстағы келісім шеңберінде университеттің конкурстық комиссиясымен қабылданады.