17 марта 2026


НАУРЫЗНАМА–2026: ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮРЛЕРДІ НАСИХАТТАУ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті базасында Digital Nauryz 2026 аясында, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай дайындық бөлімінің тыңдаушылары «Селт еткізер» және «Ұйқыашар» дәстүрлеріне арналған танымдық мәдени іс-шара өткізді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – білім алушыларды қазақ халқының бай мәдени мұрасымен таныстыру, ұлттық дәстүрлерге деген қызығушылықты арттыру және жастар арасында дәстүрлі құндылықтарды кеңінен насихаттау болды.

Бағдарлама барысында қатысушылар мазмұнды таныстырылым жасап, аталған дәстүрлердің шығу тарихы мен тәрбиелік мәніне жан-жақты тоқталды. Атап айтқанда, «Ұйқыашар» дәстүрі таныстырылып, онда Наурыз түні қыздар жігіттерге арнап арнайы тағамдар әзірлейтіні айтылды. Ал жігіттер өз кезегінде құрмет пен ілтипаттың белгісі ретінде «Селт еткізер» сыйлықтарын ұсынады.

Шара аясында ұлттық дәстүрлерді бейнелейтін театрландырылған қойылымдар көрсетіліп, қонақтар қазақтың ұлттық тағамдарымен танысты. Халық әуендері мен ұлттық киімдер мерекелік көңіл-күй сыйлап, іс-шараның мазмұнын тереңдете түсті.

Тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректор Жаннета Калимолдина мұндай іс-шаралардың ұлттық мұраны сақтау мен насихаттаудағы маңыздылығын ерекше атап өтті.

Іс-шара соңында белсенді қатысушыларға университет ректорының алғыс хаттары табысталып, олардың еңбегі жоғары бағаланды.