18 марта 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІ: ҰЛТТЫҚ КИІМ – МӘДЕНИЕТІМІЗДІҢ АЙНАСЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті қабырғасында Digital Nauryz 2026 онкүндігі аясында 18 наурыз – Ұлттық киім күніне орай «Ұлттық киім – мәдениетіміздің айнасы» атты тағылымды дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – қазақ халқының ұлттық киімдерінің ерекшелігін таныту, олардың тәрбиелік және мәдени мәнін түсіндіру, сондай-ақ заманауи сәнмен үйлестіру жолдарын көрсету.

Шара кезінде білім алушылар қазақтың ер және әйел бас киімдері, ұлттық киімге қатысты ырым-тыйымдар жөнінде мазмұнды ақпараттар ұсынып, көрермендерге танымдық мәліметтер берді. Сонымен қатар 2 курс студенттері матаға сурет салу технологиясы арқылы дайындалған шығармашылық жұмыстарын таныстырса, 1 курс студенттері орамалды сәнді байлаудың түрлі әдістерін көрсетіп, практикалық лайфхактарымен бөлісті.

Әсем әуен аясында заманауи үлгідегі ұлттық киімдер көрсетіліп, «UAU collection» топтамасы көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. Бағдарлама барысында күй орындалып, ұлттық өнердің рухы сезілді.

Іс-шараға арнайы қатысқан Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы әжелері ұлттық киімнің маңызы туралы ой бөлісіп, өз өнерлерін ортаға салды. Бұл – ұрпақтар сабақтастығы мен ұлттық тәрбиенің жарқын көрінісі болды.

Шара соңында қатысушылар марапатталып, ұйымдастырушылар мен белсенді студенттерге алғыс білдірілді. Аталған іс-шара ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жастардың мәдени санасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарды.