19 марта 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ IQANAT РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ ОБЛЫСТЫҚ КЕЗЕҢІ АШЫЛДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті базасында IQanat республикалық олимпиадасының екінші облыстық кезеңінің салтанатты ашылуы өтті. Ауқымды білім бәйгесі өңірдің ең дарынды мектеп оқушыларын бір арнаға тоғыстырды.

Іс-шараға Глубокое, Ұлан, Катонқарағай аудандарынан, сондай-ақ Үлкен Нарын және Марқакөл өңірлерінен келген оқушылар қатысты. Биыл жобаға деген қызығушылық рекордтық деңгейге жетті: алғашқы кезеңге 50 мыңнан астам 8-сынып оқушысы қатысса, олардың 10 мыңнан астамы облыстық турға жолдама алды.

Салтанатты жиында университет ректоры Мұхтар Төлеген құттықтау сөз сөйлеп, IQanat олимпиадасының тек интеллектуалдық сайыс қана емес, ауыл мектептеріндегі оқушыларға жаңа мүмкіндіктер ашатын маңызды білім беру бастамасы екенін атап өтті. Сонымен қатар, ол Аманжолов университетінің еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі екенін, мұнда 153 білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып, халықаралық ынтымақтастық, академиялық ұтқырлық және студенттердің практикалық дайындығы белсенді дамып жатқанын ерекше атап өтті.

Іс-шара барысында университеттің ғылыми жетістіктеріне де айрықша назар аударылды. Аманжолов университетінде робототехника және жасанды интеллект бағыттары қарқынды дамып, заманауи зертханалар ашылуда. Сонымен қатар, студенттерге халықаралық ғылыми зерттеулер мен байқауларға қатысуға мүмкіндік беретін жобалар жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар жастардың әлеуетін толық ашуға және жаһандық еңбек нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға жол ашады.

Салтанатты рәсім аясында IQanat қоры өкілдерінің сөздері тыңдалып, жобаға үлес қосқан үйлестірушілер, мектептер мен оқушылар марапатталды. Мерекелік көңіл күй студенттердің жоғары деңгейдегі шығармашылық өнерімен толықты.

Кезең қорытындысы бойынша үздік қатысушылар республикалық турға өтіп, білім гранттары үшін күресін жалғастырып, кәсіби және ғылыми дамуға жаңа мүмкіндіктерге ие болады.

Аманжолов университеті тағы да өз мәртебесін дәлелдеп, жастардың зияткерлік, ғылыми және шығармашылық әлеуетін жоғары деңгейде дамытуға мүмкіндік беретін маңызды алаң екенін көрсетті. Бұл – Қазақстанның жаңа буын көшбасшылары мен жаңашылдарының қалыптасуына берік негіз.