19 марта 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ АШЫҚ ДИАЛОГ: ЖАСТАРДЫҢ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ МӘДЕНИЕТТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ РӨЛІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудағы рөлі» тақырыбында ашық диалог өтті. Іс-шара университеттің басқарма төрағасы – ректоры, профессор, «Жаңару» республикалық қоғамдық бірлестігінің ШҚО бойынша филиалының директоры Мұхтар Төлегеннің бастамасымен ұйымдастырылды.

Диалогқа Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің өкілдері, сондай-ақ Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының мамандары қатысты. Кездесу жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылауға және студенттердің құқықтық мәдениетін арттыруға арналған маңызды алаңға айналды.

Кездесу барысында басқарма өкілі Альмира Нұртаева жастар арасында құқықтық мәдениетті арттырудың маңыздылығына ерекше назар аударды. Оның айтуынша, әрбір студент заң талаптарын сақтап, белсенді азаматтық ұстаным таныту арқылы ашық әрі әділ қоғам қалыптастыруға өз үлесін қоса алады.

Диалог қатысушылары сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың заманауи тәсілдері туралы құнды ақпарат алып, азаматтық жауапкершілік пен құқықтық нормаларды сақтаудың маңызын талқылады. Ашық формат студенттерге өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, сарапшылармен пікір алмасуға мүмкіндік берді.

Іс-шара университет қауымдастығында адалдық қағидаттарын нығайтуға, жастардың қоғамдық санасын дамытуға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрақты иммунитет қалыптастыруға ықпал еткен маңызды диалог алаңы болды.