30 марта 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ДИРЕКТОРЛАР КЕҢЕСІ ДАМУДЫҢ АЛҒЫШАРТТАРЫН ПЫСЫҚТАДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті Директорлар кеңесінің отырысында университетті қаржылық басқару, корпоративтік даму және қызмет тиімділігін арттыруға қатысты стратегиялық маңызды мәселелер қаралды.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – Қоғамның 2025 жылға арналған жылдық қаржылық есептілігін алдын ала бекіту болды. Директорлар кеңесі есепті кезеңдегі университеттің қаржылық-шаруашылық қызметінің нәтижелерін талқылап, таза табысты бөлу жөніндегі ұсыныстарды қарастырды. Қабылданған шешімдер Жалғыз акционердің бекітуіне ұсынылады.

Басқару тиімділігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Отырыс барысында 2026 жылға арналған басқарма мүшелерінің негізгі тиімділік көрсеткіштері (KPI) карталары қаралып, бекітілді. Белгіленген мақсатты көрсеткіштер университеттің стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуге, білім беру қызметтерінің сапасын арттыруға және ғылыми әлеуетін дамытуға бағытталған.

Директорлар кеңесі сондай-ақ Қоғамның штаттық санын бекіту мәселесін қарастырды. Бұл ұйымдық құрылымды оңтайландыру мен операциялық тиімділікті арттыру үшін маңызды.

Күн тәртібіндегі тағы бір мәселе – бақылау және қадағалау бөлімшелерінің есептері болды. Кеңес мүшелері Ішкі аудит қызметінің жылдық есебін, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметінің есебін тыңдады. Ішкі бақылау жүйесін одан әрі нығайту, ашықтықты арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды сақтау қажеттілігін атап өтті.

Сонымен қатар, 2025 жылға арналған Директорлар кеңесі мен корпоративтік хатшының қызметі туралы есеп қаралды. Отырысқа қатысушылар атқарылған жұмысқа баға беріп, корпоративтік басқару қағидаттарын сақтаудың маңыздылығын айтты.

Сондай-ақ университеттің жылжымайтын мүлкін мүліктік жалға (оның ішінде жалға беру және қосалқы жалға беру) тапсыру қағидаларын бекіту. Қабылданған құжат мүліктік кешенді басқару рәсімдерін реттеуге және оны тиімді пайдалануға бағытталған.

Отырыс қорытындысы бойынша университеттің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, қаржылық тәртіпті нығайтуға және корпоративтік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған шешімдер қабылданды.