3 апреля 2026


UNEC-ТЕГІ ЦИФРЛЫҚ ЛОГИСТИКА: АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚОЛЖЕТІМДІЛІГІН АРТТЫРУ ШЕШІМДЕРІ

Баку қаласында Amanzholov University зерттеу тобының мүшелері Байгужинова А.Ж. мен Ахметова Л.М. «Аймақтың агроөнеркәсіп кешеніндегі сүт өнімдері қосалқы жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін цифрлық логистика жағдайында арттыру» атты ИРН AP26101867 ғылыми жобасы аясында Әзірбайжан мемлекеттік экономикалық университетінің (UNEC) базасында ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуде.

Қазіргі экономикалық жағдайда сүт өнімдері бағасының өсуі халықтың өмір сүру деңгейіне айтарлықтай әсер етуде. Ресми статистика деректеріне сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда азық-түлік тауарларының бағасы жылдық есепте 13,5%-ға өскен, ал сүт өнімдерінің жекелеген түрлері бойынша өсім шамамен 7%-ды құраған. Сонымен қатар салада импортқа тәуелділік деңгейі әлі де жоғары. 2024 жылы сүт өнімдерінің импорты 443 млн АҚШ долларына жетіп, бұл үрдіс 2025 жылы да жалғасын тапты.

Осы ретте экспорт көрсеткіштері салыстырмалы түрде төмен деңгейде қалып отыр. Алдын ала мәліметтер бойынша, 2025 жылы экспорт көлемі шамамен 34,7 мың тоннаны құрап, 66,4 млн АҚШ долларына бағаланған. Сарапшылардың айтуынша, сүт өнімдерінің құнының едәуір бөлігі логистикалық және транзакциялық шығындарға байланысты қалыптасады, ал кей жағдайларда бұл шығындар дамыған елдердегі көрсеткіштерден 2–3 есе жоғары.

Жоба аясында Қазақстанға сүт өнімдерін негізгі жеткізуші елдерге, сондай-ақ экспорт бойынша маңызды сауда серіктестері болып табылатын мемлекеттерге халықаралық ғылыми іссапарлар жоспарланған. Бұл жеткізу тізбектерін ұйымдастырудың тиімді модельдерін зерттеп, оларды ұлттық жағдайға бейімдеуге мүмкіндік береді.

Әзірбайжанды зерттеу алаңы ретінде таңдау оның Қазақстанның сыртқы сауда операцияларындағы рөлінің артуымен түсіндіріледі. Аталған ел сүт өнімдері экспортының маңызды бағыттарының бірі болып саналады. Әсіресе ферменттелген өнімдер (йогурт, кефир және т.б.) жеткізілімінің көлемі шамамен 2,2 мың тоннаны құрайды.

Бакудегі жұмыс барысында зерттеу тобы ғылыми-әдістемелік семинар өткізіп, «Халықаралық сауда және логистика» және «Экономика» білім беру бағдарламаларының оқытушыларымен тәжірибе алмасты. Сонымен қатар сараптамалық сұхбаттар мен тақырыптық талқылауларды қамтитын бірқатар қолданбалы зерттеулер жүргізілді.

Қосымша зерттеулер университеттің ғылыми кітапханасында жүргізіліп, логистикалық үдерістерді цифрландырудың заманауи тәсілдері зерделенді. Сонымен қатар жеткізу тізбектерін және тұтынушылар мінез-құлқының ерекшеліктерін талдауға бағытталған далалық және маркетингтік зерттеулер жүргізілді.

Байгужинова А.Ж.-ның айтуынша, сүт өнімдері бағасын төмендетудің негізгі резерві — логистикалық процестерді оңтайландыру. Цифрлық шешімдерді қолдану өнімнің өндірушіден бастап соңғы тұтынушыға дейінгі қозғалысының барлық кезеңдерінде шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.

Өз кезегінде Ахметова Л.М. цифрлық платформаларды енгізу жеткізу тізбектерінің ашықтығын қамтамасыз етіп, шағын өндірушілердің нарыққа интеграциялануына ықпал ететінін атап өтті. Бұл өз кезегінде халық үшін өнімнің қолжетімділігін арттыруға тікелей әсер етеді.

Осылайша, логистикада цифрлық құралдарды қолдану логистикалық және транзакциялық шығындарды едәуір қысқартуға, сүт өнімдерінің соңғы бағасын төмендетуге және олардың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Зерттеу нәтижелері сүт саласын тұрақты дамытуға бағытталған практикалық ұсынымдар әзірлеуге негіз бола алады.