7 апреля 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІ ҚАЗАҚСТАН–ӘЗЕРБАЙЖАН РЕКТОРЛАРЫ ФОРУМЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖЕТІСТІКТЕРІН ТАНЫСТЫРДЫ

Форум аясында қатысушыларға Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің бүгінгі жетістіктері мен халықаралық бағыттағы даму қадамдары таныстырылды. Университеттің білім беру сапасын арттыру, ғылыми-зерттеу әлеуетін дамыту және халықаралық әріптестікті кеңейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.

Бүгінде университет ұлттық рейтингте көппрофильді жоғары оқу орындары арасында 2-орынды иеленіп отыр. Сонымен қатар түлектердің 98 пайызының жұмысқа орналасуы оқу орнының білім беру сапасының жоғары деңгейін айқындайды.

Халықаралық ынтымақтастық аясында университет Италияның Генуя және Кассино университеттерімен, сондай-ақ Литваның Витаутас Магнус университетімен бірлескен қос дипломды білім беру бағдарламаларын табысты жүзеге асыруда. Бұл бағдарламалар студенттерге халықаралық деңгейдегі білім алып, академиялық ұтқырлық мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.

Сонымен қатар Әзербайжанның жетекші жоғары оқу орындарымен, соның ішінде Баку мемлекеттік университетімен әріптестік байланыстар нығайып келеді. «Orhun» академиялық алмасу бағдарламасы мен «Қарабах гранттары» аясында студенттер мен жас ғалымдардың академиялық алмасуын дамыту жоспарлануда.

Мұндай халықаралық диалог алаңдары университеттің ғылыми-білім беру әлеуетін арттыруға және студенттер мен ғалымдар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға ықпал етеді. Университеттің басты мақсаты – Шығыс Қазақстан жастарына заманауи, сапалы әрі бәсекеге қабілетті білім беру.