7 апреля 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТТЕРІ ИНКЛЮЗИВТІ СПАРТАКИАДАДА ВОЛОНТЕР БОЛДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Психология және коррекциялық педагогика кафедрасының студенттері Өскемен қаласында өткен «Сила разных» атты инклюзивті спартакиадаға волонтер ретінде қатысты.

Аталған шараға «Эргопедагогика», «Ерте қолдау педагогикасы», «Арнайы педагогика» білім беру бағдарламаларының студенттері атсалысып, қатысушыларға қолдау көрсетіп, олардың қауіпсіз әрі жайлы қатысуына жағдай жасады. Сонымен қатар студенттер қатысушыларды сүйемелдеп, достық пен қолдау атмосферасын қалыптастыруға үлес қосты.

Спартакиада ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды, олардың ата-аналарын және түзету мен оңалту ұйымдарының мамандарын бір алаңда тоғыстырды.

Іс-шара бағдарламасына:

— эстафеталар,

— қысқа қашықтыққа жүгіру,

— арқан тарту,

— армрестлинг,

— командалық рухты нығайтуға бағытталған түрлі белсенді ойындар енгізілді.

Мұндай формат қатысушылар мен олардың отбасылары үшін қарым-қатынас орнатуға, өзара қолдау көрсетуге және жаңа таныстықтарға мүмкіндік берді. Сонымен қатар олар уақыттарын бірге өткізіп, өздерін қоғамның тең мүшесі ретінде сезінуге жағдай жасалды.

Студенттердің осындай әлеуметтік маңызды шараларға қатысуы олардың кәсіби даярлығының маңызды бөлігі болып табылады. Бұл болашақ мамандардың инклюзивті білім беру саласындағы құзыреттерін қалыптастырып, эмпатия мен әлеуметтік жауапкершілікті дамытуға ықпал етеді.

Инклюзия — бұл бірлесіп даму, өзара қолдау және әрбір адам үшін тең мүмкіндік.