8 апреля 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Шығыс Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы: зерттеу, сақтау және қазіргі ғылыми кеңістікте интерпретациялау» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шара көрнекті ұстаз, ғалым, өлкетанушы және мұражайтанушы Раиса Самуиловна Фёдорованы еске алуға арналды.

Конференцияны университеттің тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры Жаннета Калимолдина ашты. Сонымен қатар Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы Слямбек Оразалин мен кафедра меңгерушісі Аяулы Нұрбекова сөз сөйлеп, ғалымның ғылыми мұрасының маңыздылығын атап өтті. Германиядан Р.С. Фёдорованың қызы Ирина Вейнберг бейне сәлем жолдады.

Жиын барысында қатысушылар ғалымның ғылыми және педагогикалық қызметі туралы естеліктерімен бөлісті. Атап айтқанда, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ШҚО филиалының директоры Жанар Қаликановна Буканова, Ресей Жазушылар одағы мүшелерінің Қазақстандық бірлестігінің төрағасы, «Алтай изумрудный» журналы бас редакторының орынбасары Ирина Борисовна Каланчина, С.Аманжолов атындағы ШҚУ Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының сениор-лекторы, тарих магистрі Асель Омарқанқызы Омарканова және Қазақстан Американдық Еркін университетінің аға оқытушысы Ардак Курманбаевна Абдрахманова баяндама жасап, Р.С. Фёдорованың ғылым мен білім саласындағы еңбегін атап өтті.

Конференция барысында Шығыс Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын зерттеу мен сақтау мәселелері талқыланып, ғалымның өлкетану саласына қосқан үлесі ерекше атап өтілді.