9 апреля 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «СӘТБАЕВ ОҚУЛАРЫ – 2026»: ҒЫЛЫМ, БІЛІМ ЖӘНЕ БИЗНЕС ИНТЕГРАЦИЯСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Ғылым күніне орай студенттер, магистранттар, докторанттар және жас ғалымдардың «Сәтбаев оқулары – 2026: білім–ғылым–бизнес интеграциясы: өзекті мәселелері мен болашағы» тақырыбындағы XIII халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының пленарлық отырысы өтті.

Іс-шараға университет ғалымдары, жас зерттеушілер, студенттер, сондай-ақ жақын және алыс шетел жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.

Конференцияның пленарлық отырысын университеттің басқарма төрағасы – ректор, профессор Мұхтар Төлеген ашып, қатысушыларды Ғылым күнімен құттықтады. Өз сөзінде ректор ғылым мен білімнің дамуы елдің интеллектуалдық әлеуетін арттырудың маңызды факторы екенін атап өтті. Сонымен қатар ол университетте жас ғалымдарды қолдауға, ғылыми зерттеулерді дамытуға және халықаралық академиялық ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше мән беріліп отырғанын айтты.

Пленарлық отырыс аясында университетте «Ғылым айы» шеңберінде ұйымдастырылған ғылыми байқаулардың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Атап айтқанда, «Үздік жас ғалым», «Жұмаш Кәрімұлы Уәлиев атындағы шәкіртақы», «Үздік студенттік ғылыми үйірме», «Студенттердің ғылыми жұмыстарын ұйымдастыру бойынша үздік жоғары мектеп» және «Мамандық бойынша үздік» номинациялары бойынша үздіктер анықталып, оларға дипломдар және ақшалай сертификаттар табысталды

Конференция барысында Қазақстан және шетелдік жоғары оқу орындарының ғалымдары ғылыми баяндамалар жасап, заманауи ғылымның өзекті мәселелері, ғылыми зерттеулердің даму бағыттары мен білім, ғылым және бизнес арасындағы өзара байланыс мәселелері талқыланды.

Пленарлық отырыстың соңында конференцияның қарар жобасы ұсынылып, қатысушылардың қолдауымен қабылданды.

Конференция жұмысы секциялық отырыстарда жалғасып, жас зерттеушілер өз ғылыми жобаларын ұсынып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.