15 сәуір 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «ОРЫС ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІН ОҚЫТУДАҒЫ ИНКЛЮЗИВТІ ПРАКТИКАЛАР» КУРСЫ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Кәсіби даярлау және біліктілікті арттыру ресурстық орталығы бейресми білім беру аясында «Орыс тілі мен әдебиетін оқытудағы инклюзивті практикалар» атты курсты ұйымдастырып, өткізді.

Бағдарламаның мақсаты – педагогтердің инклюзивті білім беру саласындағы білім, білік және дағдылар жүйесін қалыптастыру, сондай-ақ білім алушылардың әртүрлі білім беру қажеттіліктерін ескере отырып, оқу үдерісін жобалау, ұйымдастыру және талдау құзыреттерін дамыту.

Курс қорытындысы бойынша сертификаттарды салтанатты табыстау рәсімі өтті. Іс-шараға Кәсіби даярлау және біліктілікті арттыру ресурстық орталығының директоры Бақытгүл Ісебаева және қазақ, орыс филологиясы мен журналистика кафедрасының сениор-лекторы Наталья Будникова қатысты.

Нәтижесінде университеттің 27 студентіне сертификаттар табысталды.

Аталған курс болашақ педагогтердің кәсіби құзыреттерін арттыруға, инклюзивті білім беру қағидаттарын тиімді жүзеге асыруға және заманауи білім беру талаптарына сай мамандар даярлауға бағытталған маңызды білім беру алаңы болды.