16 сәуір 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫН ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕТТЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Еңбек қатынастарын құқықтық реттеу» тақырыбында семинар өтті. Іс-шара офлайн форматта ұйымдастырылып, еңбек заңнамасының өзекті мәселелерін талқылауға арналды.

Семинарға Шығыс Қазақстан облысы Әділет департаментінің басшысы Айгүл Құмаровна Туктыбаева, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар офисінің адами өлшемдер жөніндегі бөлім басшысы, АҚШ-тың лицензияланған адвокаты доктор Николас Мазик, сондай-ақ заң ғылымдарының кандидаттары мен тәжірибелі адвокаттар қатысты.

Ашылу барысында спикерлер еңбек қатынастарын құқықтық реттеудің маңыздылығына тоқталып, қазіргі қоғамдағы еңбек дауларының ерекшеліктерін атап өтті.

Семинардың негізгі бөлімінде Астана қаласы адвокаттар алқасының адвокаты, заң ғылымдарының кандидаты Самал Бақытовна Серікбекова еңбек заңнамасының нормаларын қолданудың практикалық аспектілерін кеңінен түсіндірді. Атап айтқанда, еңбек дауларының түрлері, оларды қарау тәртібі, еңбек қатынастарын өзгерту мен тоқтату, тараптардың жауапкершілігі және өзекті сот тәжірибесі мәселелері қарастырылды.

Сонымен қатар, заң ғылымдарының кандидаты, Батыс Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының адвокаты, облыстық мәслихат депутаты Мереке Тлекұлы Ғабдуалиев жекелеген санаттағы қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау тақырыбында баяндама жасады. Ол мемлекеттік қызметшілер, азаматтық қызметкерлер және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің құқықтарын қорғаудың ерекшеліктеріне тоқталды.

Іс-шара барысында қатысушылар спикерлерге өз сұрақтарын қойып, тәжірибелік тұрғыда маңызды жауаптар алды. Семинар қорытындысында еңбек заңнамасын тиімді қолдану мен құқықтық мәдениетті арттырудың маңыздылығы атап өтілді.

Аталған семинар құқық саласындағы білім мен тәжірибе алмасуға, сондай-ақ болашақ заңгерлер мен мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға мүмкіндік берді.