17 сәуір 2026
СӘРСЕН АМАНЖОЛОВ АТЫНДАҒЫ ШҚУ-ДА IV ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРИЗМ ОЛИМПИАДАСЫ ӨТТІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Бизнес және құқық жоғары мектебі, Экономика, менеджмент және қаржы кафедрасының ұйымдастыруымен IV Халықаралық туризм олимпиадасы жоғары деңгейде өткізілді.
Олимпиадаға Орталық Азия елдерінің және халықаралық серіктес жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Қатысушы мемлекеттер қатарында Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қытай Халық Республикасы және Моңғолия бар. Сондай-ақ «Тұран» университеті, Алматы Менеджмент Университеті, Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ, Қарағанды Қазтұтынуодағы университеті, Әзербайжан мемлекеттік экономика университеті (UNEC), Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ және Қырғыз-түрік «Манас» университетінің студенттері бақ сынады.
Олимпиада жұмысына туризм саласының халықаралық деңгейдегі сарапшылары қазылық етті. Қазылар алқасының құрамында Швейцариядағы туризм амбасадоры, INDY GUIDE негізін қалаушы Ати Тосун және Қазақстан агро және ауылдық туризм қауымдастығының вице-президенті, GLOBAL INVEST INTERNATIONAL ЖШС директоры, NOMAD 4X4 саяхат клубының ұйымдастырушысы Алмас Тангытович Сетербаев болды.
Қатысушылар туризм саласындағы заманауи үрдістер, цифрлық технологиялар және жасанды интеллекттің қолданылуы тақырыптарында жобаларын қорғады.
Олимпиада қорытындысы бойынша Гран-при «Туризм лидері» атағы Қаматаев Әли, Xu MinMin және Yan Mingzhen командасына берілді (жетекшісі: Ахметова Л.М., тақырыбы: Ecotourism and cultural heritage of East Kazakhstan).
I орын иегерлері қатарында Әзербайжан мемлекеттік экономика университеті (UNEC) және С. Аманжолов атындағы ШҚУ студенттері болды. II орынды Қырғыз-түрік «Манас» университеті мен Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ студенттері иеленді. III орын «Тұран» университеті, Қарағанды Қазтұтынуодағы университеті және Алматы Менеджмент Университеті студенттеріне бұйырды.
Сонымен қатар ШҚУ студенттері арнайы номинациялар бойынша да марапатталды: «Туризм саласының білгірі», «Ең үздік видеофильм», «Үздік гидтер», «Қонақүй бизнесінің үздігі», «Үздік ұйымдастырушылар» және «Үздік идея генераторлар» аталымдары табысталды.









