20 сәуір 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТТЕРІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДАДА ЖҮЛДЕЛІ II ОРЫН ИЕЛЕНДІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті студенттері тағы бір ірі білім бәйгесінде жоғары нәтиже көрсетті.

Семей қаласындағы Шәкәрім университеті базасында 6В01601 – «Тарих» білім беру бағдарламасы бойынша өткен «Алаш һәм Алашорда: мемлекеттілік үшін күрес» атты XVII республикалық студенттер олимпиадасына еліміздің әр өңірінен үздік командалар жиналды. Бұл маңызды зияткерлік сайыс Әлихан Бөкейханның 160 жылдық мерейтойына арналды.

Аталған додада университет намысын қорғаған «Шығыс бөрілері» командасы ерекше дайындық пен жоғары білім деңгейін көрсетіп, 20 команда арасынан оза шауып, жүлделі II орынды иеленді. Қатысушылар тарихи білімдерін терең дәлелдеп қана қоймай, сыни ойлау, талдау жасау және өз ұстанымдарын нақты қорғау қабілеттерін де көрсете білді.

Олимпиада барысында студенттер «Алаш» қозғалысының тарихи маңызын, ұлттық мемлекеттілік жолындағы күресін жан-жақты талдап, тың көзқарастар мен ғылыми негізделген пікірлер ұсынды. Бұл олардың кәсіби даярлығының жоғары деңгейде екенін айқындады.

Бұл жеңіс – білімге деген құштарлықтың, тынымсыз еңбектің, командалық бірліктің және табандылықтың айқын нәтижесі. Сонымен қатар, бұл жетістік жас тарихшылардың ұлттық тарихқа деген құрметін арттырып, олардың болашақ ғылыми және кәсіби жолына берік негіз қалайды.