22 сәуір 2026


ИНКЛЮЗИЯ ІС ЖҮЗІНДЕ: AMANZHOLOV UNIVERSITY ҮЛЕСІНІҢ ТАНЫЛУЫ

Amanzholov University жанындағы үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығы «Dana bala» жетекшісі А. Алима инклюзивті білім беруді дамытуға қосқан елеулі үлесі және халықаралық «Біз өмір сүреміз!» инклюзивті фестивалін ұйымдастыруға белсенді қатысқаны үшін Алғыс хаттармен марапатталды.

Жоғары бағалауды Шығыс Қазақстан облысының әкімі Н. Сақтағанов, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы С. Егизбаев білдіріп, инклюзия қағидаттарын жүйелі түрде дамыту бағытындағы еңбекті ерекше атап өтті.

Бұл марапат – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау, инклюзивті ортаны дамыту және осы саладағы мамандар қауымдастығын нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі.

Amanzholov University базасындағы «Dana bala» орталығы қолжетімді әрі тең білім беру кеңістігін қалыптастыруға бағытталған бастамаларды белсенді жүзеге асыруда. «Біз өмір сүреміз!» халықаралық фестивалі тәжірибе алмасу, өзекті мәселелерді талқылау және инклюзивті қоғамды дамыту жолында күш біріктіруге маңызды алаң болды.