24 сәуір 2026


«АДАМ БОЛ!» SMART FEST: ДАРЫНДЫ ЖАСТАРҒА АРНАЛҒАН ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ АЛАҢ

2026 жылғы 16 сәуірде Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Алтайтану» ғылыми-зерттеу орталығы мен Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасы Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығына арналған «Адам бол!» Smart Fest аясында облыстық олимпиада өткізді.

«Дінтану және философия» бағыты бойынша өткен олимпиада Шығыс Қазақстан облысының 10–11-сынып оқушыларын біріктіріп, дарынды жастарды анықтау мен қолдауға, сондай-ақ Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасына қызығушылықты арттыруға бағытталды.

Жарыс екі кезеңнен тұрды: қашықтан өтетін кезең («Ұлы Ыбырай мұрасы» атты бейнероликтер) және офлайн форматтағы кезең (тестілеу және өзін-өзі таныстыру). Финалға 4 қатысушы жолдама алды.

Олимпиада қорытындысы бойынша Гран-при жүлдесін Улан ауданы, Қ. Қайсенов атындағы мектептің оқушысы Томирис Әділбек жеңіп алды. I орынды Заки Ахметов атындағы №16 мектептің оқушысы Тамиля Темірбекова иеленді. II орын — Ш. Уәлиханов атындағы №3 мектеп-лицейінің оқушысы Келісінхан Аялаға бұйырды. III орын — №7 мектептің оқушысы Алина Алдамбаеваға берілді.

Жеңімпаздар дипломдармен марапатталды, ал барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды. Олимпиада оқушылардың зияткерлік әлеуетін дамыту мен кәсіби бағдар беру бағытындағы маңызды алаң ретінде өз маңызын тағы да дәлелдеді.