28 сәуір 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «АТА-АНАҒА ҚҰРМЕТ» ТАҚЫРЫБЫНДА «ҚАЗЫНА» ӘЖЕЛЕР АНСАМБЛІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде жастар тәрбиесі мен ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған «Ата-анаға құрмет» тақырыбында «Қазына» әжелер ансамблімен тағылымды кездесу өтті. Тағылымға толы шараға университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, студенттер және құрметті қонақтар қатысты.

Іс-шараны университеттің Басқарма төрағасы – ректор, профессор Төлеген Мұхтар Әділбекұлы ашып, қатысушыларды мазмұнды кездесумен құттықтады. Өз сөзінде ол ата-анаға құрмет, үлкенді сыйлау, ұлттық тәрбие мен рухани сабақтастықтың маңызын атап өтті.

Кездесу барысында «Қазына» әжелер ансамблінің басшысы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Зайра Рамазиқызы Сүйіндікова ансамбльдің шығармашылық жолы мен қоғамдағы тәрбиелік рөлі туралы айтып, жастарға өнегелі ойларын жеткізді.

Шараның ерекше бөлігінің бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын-лирик, композитор, виртуоз музыкант, университеттің құрметті доценті Нәбиолда Салихұлы Кемешевтің шығармашылық кездесуі болды. Ол ұлттық тәрбие, өнер мен руханият жайында толғанысты пікірлерімен бөлісті.

Кездесу аясында «Қазына» әжелер ансамблі концерттік бағдарлама ұсынып, қазақтың әні мен өнегесін ұштастырған әсерлі өнер көрсетті. Әжелердің орындауындағы шығармалар көрермен көңілінен шығып, ерекше ықыласқа бөленді.

Сонымен қатар «Ата-анаға құрмет – ұрпақ тәрбиесінің негізі» тақырыбында еркін сұхбат ұйымдастырылып, студенттер қонақтарға сұрақ қойып, пікір алмасты. Ашық форматтағы әңгіме жастардың ұлттық тәрбие, отбасы құндылықтары мен ұрпақтар сабақтастығы туралы ой-пайымын тереңдете түсті.

Тағылымды кездесудің басты мақсаты – жастар арасында ата-анаға құрмет көрсету мәдениетін қалыптастыру, үлкенді сыйлау дәстүрін насихаттау, ұлттық тәрбие мен отбасылық құндылықтарды дәріптеу болды.

Осындай мазмұнды кездесулер арқылы Аманжолов университеті жас ұрпақ тәрбиесіне, рухани құндылықтарды жаңғыртуға және ұлттық мұраны ұлықтауға ерекше мән беретінін тағы бір мәрте көрсетті.