29 сәуір 2026


«СТУДЕНТТІК КӨКТЕМ – 2026»: ЖАСТАР ТАҢДАУЫ – ЗАҢ МЕН ТӘРТІП, ТЕХНОЛОГИЯ, ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде студенттік шығармашылықтың ең жарқын мерекесіне айналған «Студенттік көктем – 2026» байқауының Гала-концерті жоғары деңгейде өтті. Биылғы өнер додасы «Жастар таңдауы: заң мен тәртіп, технология, жарқын болашақ» тақырыбында ұйымдастырылып, жастардың азаматтық ұстанымы, шығармашылық әлеуеті мен заманауи көзқарасын тоғыстырған тағылымды мәдени алаңға айналды.

Гала-концерт мазмұны Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидатымен үндесіп, саналы қоғам қалыптастырудағы жастардың рөлін өнер тілімен өрнектеді. Кеш шымылдығы мазмұнды сюжеттік би мен сахналық қойылымнан ашылып, патриотизм, әділет, жауапкершілік және болашаққа сенім идеяларын арқау еткен шығармашылық композициялармен жалғасты.

Концерт барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарға қатысты бастамалары мен заң үстемдігіне негізделген ұстанымдарын дәріптеген бейнероликтер көрсетіліп, көрерменге терең ой салды. Бұл кештің басты ерекшелігі — өнер мен тәрбиенің, технология мен ұлттық құндылықтардың үйлесімді сабақтасуы болды.

Гала-концерт сахнасында университеттің жоғары мектептері мен Жоғары колледж студенттері үздік концерттік нөмірлерін ұсынып, көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Арнайы шақырылған ENTERTAINMENT би ұжымының «Эйфория» қойылымы, заманауи және ұлттық билер, патриоттық әндер мен театрландырылған көріністер жастар өнерінің кең тынысын көрсетті.

Кеш соңында университеттің басқарма төрағасы – ректор, профессор Төлеген Мұхтар Әділбекұлы құттықтау сөз сөйлеп, қатысушылардың өнеріне жоғары баға берді. Сонымен қатар байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтіп, белсенді студенттер мен үздік шығармашылық ұжымдар лайықты марапатқа және ақшалай сертификаттарға ие болды:

 «Dragons Kingdom» (3-орын)- Педагогика жоғары мектебі

«Eagles Empire »(3-орын)- Жоғары колледж

«Ekonom Pride»(2-орын)- Бизнес және құқық жоғары мектебі

«Warriorz Clvn»(1-орын)- Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебі

«Phoenix Team»(Бас жүлде) – ІТ және Жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебі

«Студенттік көктем – 2026» — бұл тек байқау қорытындысы емес, бұл жастардың таланты, бірлігі, азаматтық ұстанымы мен жарқын болашаққа деген сенімінің көрінісі болған ерекше мәдени мереке. Өнер мен идея үндескен бұл кеш университет жастарының әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеп, көрермен жадында жарқын әсер қалдырды.