8 мамыр 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY ЖАСТАРЫ “ТАЗА ҚАЗАҚСТАН” ЭКОЛОГИЯЛЫҚ БАСТАМАСЫНА ҮЛЕС ҚОСТЫ

Бүгін Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің жастары Шешек асуында өткен “Таза Қазақстан” экологиялық саябағының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Іс-шараға университет ректоры Мұхтар Әділбекұлы Төлеген қатысып, экологиялық бастаманың маңыздылығына тоқталып, студенттермен бірге ағаш отырғызды.

Amanzholov University студенттері “Таза Қазақстан” акциясын қолдап, экологиялық саябақ аумағын көгалдандыру жұмыстарына белсенді атсалысты. Жастар табиғатты қорғау мен қоршаған ортаны сақтаудың маңызын көрсетіп, өңірдің экологиялық мәдениетін дамытуға өз үлестерін қосты.

Экологиялық саябақтың басты ерекшелігі – оның аумағы Шығыс Қазақстан облысының картасы үлгісінде жасақталған. Символикалық кеңістікте өңірдің 14 қала-ауданы өз ағаштарын отырғызып, бірлік пен ортақ жауапкершіліктің үлгісін көрсетті.

Аталған жоба – Шығыс Қазақстан облысы көлемінде жүзеге асырылып жатқан маңызды экологиялық бастамалардың бірі. Оның мақсаты – өңірдегі көгалдандыру жұмыстарын дамыту, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру.

Жаңа экологиялық саябақ Шешек асуы аумағындағы демалыс кеңістігін толықтырып, қала тұрғындары мен қонақтары үшін тартымды серуен орнына айналмақ.