12 мамыр 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ «ECOFUTURE OSKEMEN» ҒЫЛЫМИ ЖОБАЛАР БАЙҚАУЫ ӨТТІ

 

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ІТ және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебі мен Экология және география кафедрасының ұйымдастыруымен облыстық деңгейдегі «ECOFUTURE OSKEMEN: ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ НЕГІЗІНДЕГІ ТҰРАҚТЫ ҚАЛА МОДЕЛІ» атты ғылыми жобалар байқауы өтті.

Байқаудың басты мақсаты – жасанды интеллект технологиялары арқылы Өскемен қаласының тұрақты дамуына бағытталған инновациялық жобаларды қолдау, сондай-ақ жастардың ғылыми-зерттеу және шығармашылық әлеуетін арттыру болды.

Байқауға облыстың жоғары оқу орындары мен білім беру ұйымдарының студенттері мен жас зерттеушілері қатысты. Қатысушылар экологиялық қауіпсіздік, атмосфералық ауа сапасын бақылау, су ресурстарын тиімді пайдалану, интеллектуалды қалдықтарды басқару жүйелері және цифрлық экологиялық мониторинг бағыттары бойынша өздерінің тың жобаларын ұсынды.

Ұсынылған жұмыстарда ғылыми жаңашылдық пен практикалық маңыздылық ұштасып, заманауи AI-технологияларға негізделген тиімді шешімдер көрсетілді. Қатысушылар қоршаған ортаны қорғау мен қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған нақты ұсыныстарын ортаға салды.

Байқау барысында жас ғалымдардың креативті идеялары, технологиялық жобалары мен экологиялық бастамалары қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Іс-шара қорытындысында үздік жобалар анықталып, жеңімпаздар I, II, III дәрежелі дипломдармен және арнайы номинациялармен марапатталды.

«ECOFUTURE OSKEMEN» байқауы жастардың ғылымға қызығушылығын арттырып қана қоймай, экология мен цифрлық технологияларды ұштастырған жаңа бастамалардың дамуына серпін берді.