19 мамыр 2026


ДӘСТҮР МЕН БІРЛІК ҰЛЫҒЫ: ШҚУ СТУДЕНТТЕРІ МЕН ОҚЫТУШЫЛАРЫ ҰЛТТЫҚ РЕКОРДҚА ҚАТЫСТЫ

Қазақстанда құрақ құрау өнері бойынша рекорд орнату шарасы төртінші рет ұйымдастырылды: Астана күніне орай елордада, Екінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында Астанада, Алматы қаласындағы «Медеу» мұз айдынында және Өскемен қаласындағы «Алтай» стадионында өтті.

Қазақстанның 19 өңірін қамтуды мақсат еткен «Аламан құрақ» жобасының Астана мен Алматы секілді ірі мегаполистерден кейін Өскемен қаласында ұйымдастырылуы – үлкен мәртебе. Бүкіл елді қамтыған әлемдік деңгейдегі іс-шараға Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті де белсенді қатысып, өз қызметкерлеріне қолдау көрсетіп, олардың лайықты деңгейде қатысуына жағдай жасады.

Жоғары IT және жаратылыстану ғылымдары мектебінің физика және технологиялар кафедрасының өндірістік оқыту шеберлері Айжан Төлеуханқызы Үмбетова мен Әсел Қадырбекқызы Әбиева күміс және алтын медаль иегерлері атанды.

GBR рекордтар кітабына енген көрпенің өлшемі: ені – 90 см, ұзындығы – 260 см. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған 787 қолөнер шебері бір уақытта «Барқытбел» құрағын жайғанда, құрақтың жалпы ұзындығы 2000 метрді құрады. Сонымен қатар сол күні 787 шебер «Отты жылқы» жастықтарын ұстап, алаңда шеру жасап, екінші рекордты тіркеді.

Бұл – қазақ әйелдерінің бірлігі мен ұлттық қолөнерге деген сүйіспеншілігінің, зор еңбегінің айқын көрінісі.

Университетіміздің 6В01402 «Кәсіптік оқыту, көркем еңбек және графика» білім беру бағдарламасының 4-курс студенті Қабденова Гүлдана Дәуренқызы да өз оқытушыларымен бірге рекорд орнату шарасына қатысып, күміс және алтын медальдарға ие болды.

Алдағы уақытта мұндай ауқымды рекордтық жобаларға университет студенттерін кеңінен тарту жоспарланып отыр. Ғылыми біліммен қатар ұлттық рухани құндылықтарды дәріптейтін оқу орны өскелең ұрпақты тәрбиелеу бағытындағы жұмыстарын жалғастыра бермек.