20 мамыр 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТТЕРІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЗИЯТКЕРЛІК ОЙЫНДА ЖҮЛДЕЛІ ІІ ОРЫН ИЕЛЕНДІ

Абай облысы, Семей қаласында «Абай сөзі – әділдік темірқазығы» атты республикалық зияткерлік ойын өтті. Ауқымды білім сайысына еліміздің бес облысынан жалпы 11 команда қатысып, өзара бақ сынады.

Зияткерлік дода екі кезеңнен тұрды: квест және куиз форматындағы ойындар ұйымдастырылды. Қатысушылар логикалық ойлау қабілетін, білім деңгейін, жылдамдық пен командалық үйлесімділікті көрсетуге мүмкіндік алды.

Екі кезеңнің қорытындысы бойынша Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Әділет» командасы жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі ІІ орынды иеленді. Сонымен қатар команда 200 мың теңге көлеміндегі сертификатпен марапатталды.

Бұл жетістік – студенттердің білімге деген ұмтылысы мен командалық жұмысының нәтижесі. Университет намысын абыроймен қорғаған «Әділет» командасын жеңісімен құттықтап, алдағы байқауларда да толағай табыстар тілейміз!