20 мамыр 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY: «PRO INCLUSIVE SPECIALIST 2026» ОБЛЫСТЫҚ КӘСІБИ ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ ФИНАЛЫ ӨТТІ

2026 жылғы 20 мамырда Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті жанындағы «Dana Bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығы базасында «PRO Inclusive Specialist 2026» облыстық кәсіби олимпиадасының финалы жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Олимпиадаға Өскемен қаласындағы білім беру ұйымдарының инклюзивті қолдау кабинеттерінен 10 команда қатысып, өзара кәсіби тәжірибе мен шеберліктерін ортаға салды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – инклюзивті білім беру саласындағы педагогтердің кәсіби құзыреттерін арттыру, заманауи әдістемелік тәсілдерді дамыту және практикалық дағдыларын жетілдіру болды.

Олимпиада барысында қатысушылар кәсіби кейстерді талдау, авторлық әдістемелік жұмыстарын қорғау және «Педагогикалық экспромт» кезеңінде түзету-дамыту жұмыстарының фрагменттерін шектеулі уақыт ішінде әзірлеу сынды тапсырмаларды орындады.

Байқау аясында практикалық бағытқа, педагогтердің кәсіби өзара әрекеттестігіне және білім беру процесінде заманауи технологияларды, соның ішінде жасанды интеллект элементтерін тиімді қолдануға ерекше назар аударылды.

БАЙҚАУ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

Қорытынды нәтижелер бойынша жеңімпаздар анықталды:

* Бас жүлде – ҚММ «С. Нұрмағамбетов атындағы №4 орта мектебі»

* І орын – ҚММ «№36 орта мектеп»

* ІІ орын – ҚММ «№49 жалпы білім беретін мектебі», ҚММ «№27 орта мектебі», ҚММ «№26 орта мектебі»

* ІІІ орын – ҚММ «№15 орта мектебі», ҚММ «№37 көпбейінді орта мектебі», ҚММ «Ы. Алтынсарин атындағы №39 орта мектебі»

ШЕБЕРЛІК САБАҚТАР

Іс-шара аясында «Ақ ниет» мектеп-интернатының мамандары ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау, дамытушы тәсілдерді енгізу және білім беру тәжірибесінде нейросенсорлық технологияларды қолдану бағытында мазмұнды шеберлік сабақтарын өткізді.

«PRO INCLUSIVE SPECIALIST 2026» олимпиадасы өңірдегі инклюзивті білім беру мамандары үшін тәжірибе алмасу мен кәсіби дамуға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды.