22 мамыр 2026


Ш.АЙТМАТОВ АТЫНДАҒЫ ӘДЕБИЕТ ИНСТИТУТЫНДАҒЫ ҒЫЛЫМИ ТАҒЫЛЫМДАМА: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ЖАҢА БАҒЫТЫ

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі бекіткен «Шығыс Қазақстанның әдеби және лингвистикалық туризмінің аймақтық интеграциясы: топонимдердің этимологиясы мен мекендік аңыздарды цифрландыру» атты мақсатты бағдарламалық жоба аясында 13–18 мамыр күндері Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің өкілдері Қырғыз Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Ш.Айтматов атындағы Әдебиет институтында ғылыми тағылымдамадан өтті.

Ғылыми тағылымдамаға Қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Картаева Айжан Маратбекқызы, кафедра меңгерушісі Барбосынова Қарлығаш Түркістанқызы және қауымдастырылған профессор, филология ғылымдарының кандидаты Бияров Бердібек Нұролдаұлы қатысты.

Тағылымдаманың негізгі мақсаты – ғылыми байланыстарды нығайту, тәжірибе алмасу және әдебиеттану, фольклортану, лингвистика мен түркология салаларындағы бірлескен зерттеулердің перспективаларын талқылау болды.

Іссапар барысында зерттеу тақырыбына қатысты теориялық және әдістемелік материалдар жинақталып, әдебиеттануда цифрлық технологияларды пайдалану тәжірибесі, сондай-ақ түркі халықтарының топонимиясы мен фольклорлық мұрасын зерттеуге бағытталған жобалар зерделенді.

Нәтижесінде Қазақстан мен Қырғыз Республикасы аумағындағы ортақ топонимдерге салыстырмалы-типологиялық талдау жүргізудің ғылыми негіздері нақтыланып, болашақ бірлескен зерттеулердің әдіснамалық бағыттары айқындалды.

Тағылымдама қорытындылары халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ Шығыс Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын түркі әлемі аясында кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.