25 мамыр 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY ӨКІЛДЕРІ МЕКТЕП ТҮЛЕКТЕРІН ҚҰТТЫҚТАДЫ
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Аманұлы Сақтағанов қатысқан «Соңғы қоңырау» мерекесі аясында Төлеген Мұхтар Әділбекұлы Өскемен қаласындағы бірқатар білім беру мекемелерін аралап, мектеп бітіруші түлектерді салтанатты түрде құттықтады. Сапар барысында университет ректоры түлектермен кездесіп, олардың өміріндегі маңызды белес — мектеп бітіру сәтімен жүрекжарды лебізін білдірді.
Іс-шара барысында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті өкілдері де қала мектептерінде ұйымдастырылған салтанатты жиындарға қатысып, түлектердің қуанышты сәтіне ортақтасты. Университет атынан барған делегация жас түлектерге сәттілік тілеп, олардың алдағы өмір жолында үлкен жетістіктерге жететініне сенім білдірді.
Айта кетерлігі, бүгінгі таңда Өскемен қаласының мектептерінде еңбек етіп жүрген көптеген білікті ұстаздар — осы университеттің бұрынғы түлектері. Бұл жайт Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің педагог кадрларды даярлаудағы жоғары деңгейін және білім беру жүйесіне қосып отырған үлесін айқын көрсетеді.
Кездесу барысында жастарға сапалы білім алудың маңызы, мамандық таңдаудағы жауапкершілік, сондай-ақ қазіргі заман талаптарына сай кәсіби дамудың қажеттілігі кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар университеттің білім беру бағдарламалары, академиялық мүмкіндіктері, студенттік өмірі және ғылым мен шығармашылық бағыттағы жобалары таныстырылды.
Университет өкілдері түлектерді болашақта өз қатарларынан, яғни Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенттері ретінде көруге қуанышты болатынын атап өтіп, жоғары білім алуға және кәсіби дамуға шақырды.
Мектеп бітіру – әрбір жас үшін өмір жолындағы маңызды әрі жауапты кезең. Бұл сәт балалық шақпен қоштасып, үлкен өмірге қадам басатын жаңа бастау болып саналады. Осы орайда түлектерге биік мақсат, табандылық, үздік жетістіктер және жарқын болашақ тілек етілді.









