1 маусым 2026
«КҮМІС УНИВЕРСИТЕТ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ҚАРЖЫЛЫҚ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БОЙЫНША ОҚЫТУ КУРСЫ ӨТТІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Күміс университет 50+» жобасы аясында аға буын өкілдеріне арналған «Қаржылық және цифрлық қауіпсіздік негіздері» атты оқыту курсы ұйымдастырылды. Курс 2026 жылғы 25–29 мамыр аралығында Кәсіптік даярлау және біліктілікті арттыру ресурстық орталығында өтті.
Білім беру бағдарламасының мақсаты – тыңдаушылардың қаржылық және цифрлық сауаттылығын арттыру, интернет кеңістігінде қауіпсіз әрекет ету дағдыларын қалыптастыру және алаяқтық әрекеттерден қорғану жолдарын үйрету.
Курсты құқықтану кафедрасының оқытушысы Аксана Александровна Каленова жүргізді. Сабақ барысында қатысушылар қаржылық алаяқтық пен киберқауіптердің кең таралған түрлері туралы жан-жақты ақпарат алып, жеке деректерді қорғау, банк карталарын, мобильді қосымшалар мен онлайн-сервистерді қауіпсіз пайдалану мәселелерін талқылады.
Оқыту барысында телефон және интернет арқылы жасалатын алаяқтық схемаларын тану, онлайн төлемдерді қауіпсіз жүзеге асыру, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі аккаунттарды қорғау тәсілдері, сондай-ақ алаяқтардың әрекетіне тап болған жағдайда дұрыс шешім қабылдау жолдары бойынша практикалық ұсынымдар берілді.
Курс интерактивті форматта өтіп, нақты өмірлік жағдайлар мен құқық қолдану тәжірибесінен алынған мысалдар кеңінен қарастырылды. Тыңдаушылар пікір алмасуға белсенді қатысып, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, қаржылық және цифрлық қауіпсіздік саласындағы білімдерін толықтырды.
Мұндай білім беру бастамалары аға буын өкілдерінің құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттыруға, ақпараттық кеңістікте қауіпсіз әрекет ету мәдениетін қалыптастыруға және халықтың қаржылық қорғалу деңгейін нығайтуға бағытталған маңызды жобалардың бірі болып табылады.
Курс қорытындысы бойынша қатысушылар бағдарламаның практикалық маңызын жоғары бағалап, цифрлық дәуір талаптарына сай қауіпсіздік дағдыларын дамытуға бағытталған осындай оқыту курстарына алдағы уақытта да қатысуға ниетті екендіктерін білдірді.







