1 маусым 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТТЕРІ МЕН ОҚЫТУШЫЛАРЫ ORHUN БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА ТҮРКИЯҒА БАРАДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Orhun академиялық алмасу бағдарламасы аясында шетелге оқуға және тағылымдамадан өтуге баратын студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрам өкілдерімен кездесу өтті.

Кездесуге университеттің Басқарма төрағасының орынбасары – стратегиялық даму және халықаралық қатынастар жөніндегі проректоры Ирина Ровнякова қатысты. Жиын барысында академиялық ұтқырлық бағдарламасының ерекшеліктері, оқу және тағылымдама үдерісі, бейімделу кезеңі, сондай-ақ халықаралық тәжірибенің кәсіби және тұлғалық дамудағы маңызы туралы кеңінен ақпарат берілді.

Orhun академиялық алмасу бағдарламасы аясында студенттер мен оқытушылар Түркия, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінің жетекші жоғары оқу орындарында білім алып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады.

Қатысушылардың қатарында халықаралық академиялық алмасу бағдарламасына алғаш рет қатысушылармен қатар, шетелдік білім беру тәжірибесін екінші мәрте жалғастыратындар да бар.

Кездесу еркін форматта өтіп, қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, шетелде білім алу, ғылыми-зерттеу қызметі мен студенттік өмірге қатысты пайдалы кеңестер алды. Сонымен қатар, бұған дейін бағдарламаға қатысқан оқытушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, халықаралық ынтымақтастықтың артықшылықтары туралы айтты.

Университетте халықаралық ынтымақтастықты дамыту, академиялық ұтқырлықты кеңейту және білім алушылар мен профессорлық-оқытушылық құрамның халықаралық білім беру кеңістігіне интеграциялануына қолдау көрсету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.